Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов теміржол вокзалдарын жөндеу мәселесіне келгенде сабыр сақтамады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ол құрылыс жұмыстарының тым созылып кеткенін ашық айтып, бірқатар әкімдіктерге қатқыл ескерту жасады.
«Үкімет осы міндеттің уақтылы орындалуы үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Алайда кейбір әкімдіктердің құрылыс барысына бақылауды босаңсытып алғанын көріп отырмыз», — деді Бектенов, өңір басшыларына тікелей шүйлігіп.
Оның айтуынша, Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында вокзалдарды жаңғырту мерзімінің бұзылу қаупі жоғары. Ал Маңғыстау облысында бір вокзалдағы жұмыс кестеден қалып келеді. Алматы қаласындағы “Алматы-1” вокзалына қатысты жағдай тіпті көңіл көншітпейді — Премьер оны «тым созылып кетті» деп бағалады.
«Мұны әкімдіктердің жұмысындағы олқылық деп санаймын», — деді Бектенов.
Ол құрылыс сапасы мен мерзімін сақтау — жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының тікелей жауапкершілігі екенін ескертті.
Биыл басталған вокзалдарды жаңғырту жобасы енді әкімдердің тәртібіне тіреліп тұр. Енді әр өңір басшысы вокзал құрылысын уақытында аяқтамаса, Үкіметтің қаһарына ұшырауы мүмкін.
БҰҒАН ДЕЙІН
Журналист Тимур Казьмин Шымкент-Түркістан пойызының «бюджеттік» вагонында жолаушылардың ретсіз отыруына наразы болған.
Жазба авторы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ (ҚТЖ) еліміздің «рухани астанасына» бар болғаны 614 теңгеге жеткізетінін атап өтті. Казьмин бұл мүмкіндікті пайдаланып көруге бекінген. Бірақ артынан ол шешімі үшін өкінген.