Алдағы сенбі-жексенбі күндері, 15-16 қарашада елордада ет жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕЛДАЛСЫЗ САУДА
Алаш тасжолы бойында орналасқа «Керуен жолы» базарындағы ет жәрмеңкесіне Абай, Ақмола, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының шаруалары қатысады. Фермерлер ірі қара етін делдалсыз саудалайды.
«Біз мұндай форматтағы ет жәрмеңкесін өткен жылы да өткізгенбіз. Халықтың сұранысы жоғары. Осы уақытта халық соғымға келілеп емес, ірі-қараны тұтас етімен алады. Өңірдегі төрт-түлік асырап отырған ағайын осында келіп етті делдалсыз сатады. Сондықтан баға да арзан», - деді ет жәрмеңкесін ұйымдастырушы Айтуған Күзембаев.
СОНДА ЕТ ҚАНШАДАН?
Алдағы жәрмеңкеде ірі қара еті 2700 теңгеден бастап 3000 теңгеге дейін сатылмақ. Мұнда еттен бөлек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына жататын өнімдерді де арзан бағада алуға болады.
«Керуен Жолы» базары сауда заңнамасындағы талаптарға сай салынған елордадағы замануи сауда нысандарының бірі. 12 мың шаршы метрді құрайтын базар ет сақтайтын арнайы мұздатқыштармен, лаборатория, келушілер үшін кең көлік тұрағымен қамтылған.