Қазақстан сирек жер металдары нарығына әлемдік деңгейде шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕЛДЕР
2024 жылы сирек жер металдарының ең ірі өндірушілері төмендегідей болды:
Қытай (270 мың тонна), АҚШ (45 мың тонна), Аустралия мен Таиланд (әрқайсысы 13 мың тонна), Үндістан (2,9 мың тонна), Ресей (2,5 мың тонна) және Мадагаскар (2 мың тонна).
ҚЫТАЙ
Energyprom дерегінше, Қытай өндірістің басым бөлігін бақылайды және сирек жер металдарын экономикалық саясатта пайдалануда. Қытайға қойылған шектеулерге жауап ретінде АҚШ бұл елге тәуелділікті азайтуға тырысып жатыр. Екі ел басшыларының соңғы кездесуінде уақытша келісім жасалды: Пекин кейбір шектеулерді кейінге шегеруге, ал Вашингтон тарифтердің бір бөлігін төмендетуге келісті. Бұл шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған қадам болды. 2024 жылға қарай Қытайдың нарықтағы үлесі 71,1%. Осылайша ҚХР бұл саладағы негізгі ойыншы болып қала береді.
ҚОР
Energy Institute және АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы әлемдік сирек жер металдары қоры шамамен 91 млн тоннаны құрайды.
Көшбасшы – Қытай (44 млн тонна), одан кейін Бразилия (21 млн тонна), Үндістан (6,9 млн тонна), Австралия (5,7 млн тонна) және Ресей (3,8 млн тонна).
АҚШ-та – 1,9 млн тонна, Мадагаскарда – 160 мың тонна, Таиландта – 5 мың тонна.
ҚАЗАҚСТАН
Біздің ел болжамды қоры 28,2 млн тонна болатын ірі ойыншыға айналуы мүмкін — бұл көрсеткіш әлемде екінші орынға тең. Бұған дейін Қазақстан президенті сирек жер металдарын өндіретін үш кәсіпорынды іске қосуды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан АҚШ-пен маңызды минералдар бойынша түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл — жеткізілімдерді әртараптандыруға, яғни негізінен Қытайға тәуелділікті азайтуға бағытталған қадам.