Ресейден бірнеше қазақстандық күштеп шығарылды

Сырым Қаржас
Видео кадры

Орталық Азия елдерінен келген мигранттармен бірге Ресейден Австралия азаматы да күштеп шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Новосібірден кезекті мигранттар тобы депортацияланды — бұл жолы 42 адам. РФ көші-қон режимін бұзды деп Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары жауапқа тартылған. Олардың қатарынан бір австралиялық азамат та табылған. Ол еліне қайта оралу үшін 10 мың шақырымнан астам жол жүруге мәжбүр болады.

РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ

Ресейдің Федералдық сот орындаушылары қызметінің өңірлік басқармасы хабарлауынша, құқық бұзушылар хостелдерде анықталған.

— Әрбір азаматқа РФ Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 18.8-бабы, 1.1-тармағы бойынша хаттама толтырылды. Оларға 5 000 рубль (32 мың теңгеден астам) айыппұл салынып, кейін әкімшілік депортация шарасы таңдалды, — деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, өңірден биыл жылдың басынан бері 850 мигрант күштеп шығарылған.