Әскерден бас тартқандар саны рекордтық деңгейге жетті

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Германияда әскери қызметтен бас тартушылар саны рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Германияда әскери қызметтен бас тарту туралы өтініштерді резервистер де, қазіргі қызметтегі әскери қызметкерлер де жиі тапсыруда. Елде міндетті әскери борыш өтеу 14 жыл бұрын тоқтатылғанымен, медициналық комиссиядан өту міндетті болады.

Neue Osnabrücker Zeitung басылымының 18 қарашадағы мәліметіне сәйкес, қазан айының соңына қарай Кельндегі Федералдық отбасы және азаматтық қоғам істері жөніндегі ведомствоға әскери қызметтен бас тарту туралы 3034 өтініш түскен. Бұл – 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сол жылы Германияда соңғы рет жас сарбаздар міндетті түрде бундесверге шақырылған болатын.

Басылым ведомство деректеріне сүйене отырып, мұндай өтініштердің саны бірнеше жылдан бері өсіп келе жатқанын жазады. 2023 жылы 1079 өтініш түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еселеніп, 2249-ға жеткен.

Биылғы өтініштердің жартысынан астамы бұрын әскери қызмет атқармаған азаматтардан түскен. Сонымен қатар, шамамен 1300 резервист пен 150-ге жуық әскери қызметкер бас тарту туралы өтініш берген. Кельндегі федералдық ведомство шешімді тек бұған дейін бундесвердің медициналық комиссиясы арқылы қызметке жарамды деп танылған азаматтарға қатысты қабылдайды.

ГЕРМАНИЯДАҒЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ

2011 жылы тоқтатылған міндетті әскери қызмет әзірге қайта енгізілмейді. Алайда келесі жылдан бастап 2008 жылы және одан кейін туған барлық жасөспірімдер бундесвердің медициналық комиссиясынан өтуге міндетті болады.

Егер белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмесе, келісімге сәйкес, Бундестаг «қажеттілікке қарай шақыру» мәселесін қарастыруы тиіс.