Қазақстанда ресейшіл көзқарасымен танылған блогер сотталды

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Қазақстанда "Солтүстік қазағы" лақап атымен танылған ресейшіл блогер Аслан Төлегеновке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл ақпаратты Ақмола облыстық сотының өкілі Ұлысмедиаға растады.

Көкшетау қалалық соты Төлегеновке қатысты ұлттық араздықты қоздыру және жалған ақпарат тарату бойынша (ҚК 174-бабы 1-бөлігі, 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы) қылмыстық істі қарады.

СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ

Сот блогер «Youtube» арқылы сарапшылардың қорытындысы бойынша ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған видеороликтерді орналастырған және жариялағанын анықтаған. Сонымен қатар, Төлегенов көрінеу жалған ақпарат таратқан.

Сотта Аслан Төлегенов өз кінәсін толық мойындап, ұсынылған дәлелдерге дау келтірмеген. Іс қысқартылған тәртіппен қаралған. 

Төлегеновтің кінәсі оның мойындауымен, сараптамалар қорытындыларымен, ұялы телефонды қарау нәтижелерімен, интернет-сайт және видеожазбаларды зерттеумен, өзге де іс материалдарымен дәлелденген. 

СОТ ҮКІМІ

Жаза тағайындау кезінде сот Төлегеновтің бұрын сотталмағанын және жасаған ісіне шын жүректен өкінуін жеңілдететін жағдайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Соттың үкімімен Аслан Төлегенов кінәлі деп танылып, 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, Төлегенов тамызда ұсталғаны хабарланған болатын. Блогерге қатысты іс Көкшетауда ұлттық алауыздықты қоздыру бабы бойынша тергелген. Ақмола облыстық полиция департаменті мен прокуратурасы бұл істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) жүргізіп жатқанын растаған.