Депутат солтүстік пен шығысқа көшетіндерге 9,1 млн теңге беруді ұсынды

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Екі жылда Қазақстанда 80 тіректі ауыл жойылған. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл жағдайды елдің демографиялық қауіпсіздігіне төнген елеулі қауіп деп атап, еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті жою үшін шұғыл шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЛАҢДАТАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров үкіметке жолдаған сауалында еңбек күшінің тапшылығы мен көші-қон саясатындағы олқылықтарды атады. Оның айтуынша, орталықтандырылған есеп жүйесінің жоқтығы мемлекеттік саясаттың тиімділігін әлсіретіп отыр. Мәжілісмен сарапшылар болжамын мысалға алып, жағдайдың мәз емес екенін айтты. 

- 2030 жылға қарай еңбек нарығында 1,8 миллионға жуық жұмыс күшінің жетіспеушілігі болуы мүмкін. Қазірдің өзінде, әсіресе ауылдарда 900 мың маман тапшы, – деді Саиров.

Ол халық саны өсіп жатқанымен, кейбір өңірлерде депопуляция үдерісі күшейіп, тіректі ауылдардың жоғалып жатқанын мысалға келтірді. 2023 жылы 6 286 ауыл болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6 179-ға дейін төмендеген.

МӘСЕЛЕНІ ҚАЛАЙ ШЕШПЕК? 

Проблеманы шешу үшін депутат бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ең алдымен, Солтүстік-шығыс өңірлеріне қоныс аударатын азаматтарға берілетін экономикалық мобильдік сертификат көлемін 2 320 АЕК, бұл шамамен 9,1 млн теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды. Сондай-ақ үй сатып алуға арналған қолдау мерзімін ұзартуды және қоныс аударған азаматтардың кемінде бес жыл өңірден кетпеу міндеттемесін бекітуді тиімді деп санайды.

- Бұдан бөлек, мемлекеттік қаражатқа салынған үйлерді жекешелендіру тәртібін қайта қарау, ауыл шаруашылығы мен білім беру саласына маман тартқан жұмыс берушілерге субсидияларды көбейту, Enbek.kz порталына бос жұмыс орындары мен тұрғын үй туралы ақпаратты міндетті түрде жариялау қажет. Сонымен қатар, қоныс аударушылар мен қандастарға берілетін грант мерзімін өңірде кемінде бес жыл тұрақты тұру шартымен ұзарту, баспана салу немесе сатып алу үшін 2%-дан аспайтын мөлшерлемемен 20 жылға дейін несие беру, Солтүстік-шығысқа көшіп келген күндізгі студенттерге «шартты жұмыссыз» мәртебесін беру және шетелдегі қандастарды осы аймақтарға тартудың жаңа тетіктерін әзірлеуді ұсынамын, – деді Саиров. 

Депутаттың сөзінше, бұл шаралар елдің демографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті азайтуға сеп болады.