Жақында Шығыс Қазақстандағы уақыт белдеуін өзгерту дауына қатысты митинг төңірегінде жаңа текетірес туындады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сынға ашық жауап беріп, өз ұстанымын түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Митингке рұқсат… бір жылдан кейін
Өскемен тұрғыны Леонид Карташёв уақыт белдеуін бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен бейбіт митинг өткізуге былтыр күзде өтініш берген. Алайда әкімдік рұқсатты тек бір жыл өткен соң, яғни биыл 5 қарашасына бекітіп берген. Ол кезде бұл мәселе Үкімет деңгейінде әлдеқашан шешілген еді.
ОКҚ-де өткен брифингте журналистер ұзаққа созылған бюрократияны сынға алып, әкімнен бұл тәжірибе Президенттің бейбіт жиындарды дамыту жөніндегі саясатына қайшы келмей ме деп сұрады.
Әкімнің уәжі
Сақтағанов өзінің ұстанымы дұрыс екенін алға тартты.
- Біз қарсы болған жоқпыз. Өтінішті қараған кезде ұйымдастыру талаптарын ескердік. Ұсынылған орын бос болуы керек еді. Рұқсат берілді, бірақ кейін ол өзі бас тартты, – деді әкім.
Алайда журналистер белсенді ешқандай «ерікті бас тарту» болмағанын, керісінше, рұқсат тым кеш берілгендіктен, митинг маңызын жоғалтқанын атап өтті. Сақтағановтың сөзінше, азамат құқығы бұзылғанын білген жағдайда сотқа шағымдана алатынын айтты.
- Егер ол өз құқығы бұзылды деп есептесе, прокуратураға немесе сотқа жүгіне алады, – деп жауап қатты.
Өткізілмеген митинг
Еске салсақ, 5 қараша кешінде қаладағы Достық үйі маңына ондаған тұрғын жиналды. Олар жыл бойы дау болған митингтің өту-өтпеуін білмек болды. Белсенді Карташёв әлеуметтік желіде жариялаған ресми құжатта митинг сол күні 17:00–18:00 аралығында Назарбаев даңғылында өткізілуі тиіс болған.
Бірақ ол ұсынылған шарттармен келіспей, іс-шарадан бас тартатынын хабарлады. Оның талабы — митингтің нақты күні мен тәртібі тұрғындардың қатысуымен, ортақ келісіммен белгіленуі.