Қазақстанда баспана Ресейге қарағанда қолжетімді болып шықты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандықтарға өз пәтеріне ақша жинау Орталық Азия елдері, Ресей және Беларусь тұрғындарына қарағанда жеңілірек. Мұндай қорытындыға статистиктер жасаған есептер негіз болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Пәтер бағасы 

«Геостатистика» телеграм-арнасының мәліметінше, Қазақстанда құны 39,5 млн теңге тұратын пәтерге жету үшін жеті жыл сегіз ай табыс жинау жеткілікті. Бұл – талдау жүргізілген елдердің ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.

Дегенмен, мұндай нәтижеге жету үшін ай сайынғы 430 мың теңге жалақының (елдегі орташа көрсеткіш) барлығын да жинауға тура келеді. Ал тұрғын үйдің нақты бағасы бұдан да жоғары болуы мүмкін. Соған қарамастан, статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жылжымайтын мүлік постсоветтік елдерге қарағанда қолжетімдірек.

Грузияда пәтер алу үшін 10 жыл, Ресейде — 12 жыл 11 ай, Қырғызстанда — 13 жыл алты ай жинау қажет. Талдауда Өзбекстан соңғы орында тұр — онда пәтерге ақша жинау үшін 16 жыл тоғыз ай тоқтаусыз еңбек ету керек.

Қазақстанда расымен баспана қолжетімді ме?

Статистер есептеулерді әр елдегі пәтердің орташа бағасы мен орташа жалақыны негізге ала отырып жүргізген. Олар нақты өмірде осы жалақының қандай бөлігі шын мәнінде жинақталатынын, ипотека алудың мүмкіндігін, инфляцияны және жылжымайтын мүлікке әсер ететін өзге де факторларды ескерген жоқ.

Сонымен қатар, соңғы уақытта қазақстандықтарға ипотека арқылы үй алу барған сайын қиындап келеді. Елде тұрғын үй несиелерін мақұлдау деңгейі тарихи минимумға түсті — өтінімдердің үштен екісінен көбі кері қайтарылады.