Украинадағы соғыс: Румыния жедел түрде жойғыш ұшақты әуеге көтерді

Сырым Қаржас
Фото: Paul Hermans / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0

Румыния Украинаның шекарасына жақын аймақта еліміздің әуе кеңістігіне кіріп кеткен дрондарды бақылау үшін истребительдерін әуеге көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Белгісіз дрондар

Reuters мәліметінше, 25 қараша таңертең белгісіз ұшқышсыз аппараттар Румынияның әуе кеңістігін бұзған. Сол дрондардың бірі ел аумағына қарай қозғалысын жалғастырып жатыр.

Алдымен Румыния Қорғаныс министрлігі Германияның әуе қорғанысы миссиясы аясында елде орналасқан екі Eurofighter истребителін жұмылдырды. Бұл ұшақтар Тулча атты оңтүстік-шығыс жудецке (өңірге) кіріп, кейін Украинаның әуе кеңістігіне қайта шыққан дрондардың бірін ілесіп бақылап отырды.

Одан кейін радар деректері тағы бір белгісіз дронның шығыстағы Галац өңірінде байқалғанын көрсетті. Осыдан соң румын әскері шұғыл түрде тағы екі истребительді әуеге көтерді. Бұл аппарат та Румыния аумағына қарай тереңдеп еніп бара жатқаны анықталды, ал истребительдер оған соңынан жіберілді.

Галац, Вранча және Тулча аймақтарының тұрғындарына сақ болу ескертілді.

Румыния мен Украинаның ортақ шекарасы 650 шақырымға созылады. Еуроодаққа мүше бұл ел бейбіт уақытта өзінің әуе кеңістігін бұзған дрондарды атып түсіру құқығына ие, бірақ әлі күнге дейін бұл құзыретін пайдаланған емес.

Аспанда ұсталған дрондардың қай елге тиесілі екені — Украинаға ма, әлде Ресейге ме — әзірге белгісіз.