Әлемде ВИЧ-пен күрес саласында соңғы онжылдықтардағы ең күрделі дағдарыс орын алып отыр. Халықаралық қаржыландырудың күрт төмендеуі алдын алу және емдеу бағдарламаларының әлсіреуіне әкеліп, жаһандық денсаулық сақтау жүйелеріне едәуір қауіп төндіруде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
БҰҰ-ның ВИЧ/ЖИТС жөніндегі бірлескен бағдарламасы жариялаған жаңа баяндамада халықаралық қолдаудың қысқаруы ауыр салдарға ұласқаны атап өтіледі. Қазіргі таңда әлемде 40,8 миллион адам ВИЧ-пен өмір сүріп жатыр. 2024 жылы 1,3 миллион жаңа жағдай тіркелген, ал 9,2 миллион адам әлі күнге дейін қажетті емге қол жеткізе алмай отыр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметінше, биыл денсаулық сақтау жүйелеріне бағытталған сыртқы көмек өткен жылмен салыстырғанда 30–40 пайызға азайған. Бұл бірқатар елдерде профилактикалық бағдарламалардың тоқтауына, қызметтердің қысқаруына және өзге де жүйелі бөгеттерге ұшырауда.
ЮНЭЙДС атқарушы директоры Винни Бьяниманың айтуынша, қолдаусыз қалған қауымдастықтар қатары көбейіп келеді. ВИЧ-ті алдын ала болдырмауға арналған препараттарға қолжетімділік күрт азайған. Жас әйелдерге арналған алдын алу бағдарламаларының жабылуы олардың психологиялық қолдау, гендерлік зорлықтан қорғау және ВИЧ-тен сақтану қызметтерінен айырылуына себеп болды. Әйелдер бастамаларының 60 пайыздан астамы өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр.
ЮНЭЙДС ескертуінше, егер қазіргі қаржы тапшылығы жалғасса және әлемдік қауымдастық 2030 жылға арналған жаһандық мақсаттарға қол жеткізе алмаса, 2025–2030 жылдар аралығында ВИЧ жұқтыратындар саны болжамнан 3,3 миллион адамға артуы мүмкін.