Ипотеканы қазір алмай-ақ қойған жөн - Ұлттық банк төрағасы

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргі жағдайда ипотека алу тиімді ме деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, Ұлттық банк жеке адамдарға қаржылық кеңес бере алмайды, бірақ басты қағида біреу – «баға шарықтаған кезде сатып алмау», деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазіргі базалық мөлшерлеме 18 пайызды құрап отыр, ал ипотекалық несие мөлшерлемесі 20 пайыздан жоғары. Мұндай жағдайда мүмкіндігі бар азаматтарға баспана сатып алуды кейінге қалдырған жөн.

«Бұл өте күрделі мәселе. Біз жеке қаржылық кеңесші бола алмаймыз. Бірақ жалпы кеңес – ешқашан баға шарықтаған кезде сатып алмау», – деді Ұлттық банк төрағасы.

ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ

Сүлейменов қазіргі нарық өтпелі кезеңде тұрғанын атап өтті. Алда салық реформасы күтіп тұр: қосылған құн салығы (ҚҚС) 16 пайызға дейін өседі, сондай-ақ 2026 жылдың басында экономиканың жаңа ережелерге бейімделуіне байланысты баяулау қаупі бар. Бұл факторлар инфляцияның бәсеңдеуіне, демек кейбір салаларда бағаның өсу қарқынының төмендеуіне алып келуі мүмкін.

«Бұл құрылыс саласында бола ма, нақты айту қиын. Мен салалық сарапшы емеспін. Бірақ тұрақтану немесе аздап төмендеу ықтималдығын көрсететін факторлар бар», – деп толықтырды ол.

Ұлттық банк төрағасы қазіргі базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде, ал ипотекалық несие 20 пайыздан жоғары болғандықтан, баспана сатып алу азаматтарға үлкен қаржылық салмақ түсіретінін ерекше атап өтті.

«Егер жеке жағдай мүмкіндік берсе, сатып алуды кейінге қалдырған дұрыс», – деді ол.

ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ ЖАУАБЫ

Ал ҚҚС өсімінің тұрғын үй бағасына әсері туралы сұраққа Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жауап берді. Оның айтуынша, өтпелі кезең енгізілген, осы уақыт ішінде тұрғын үйге ҚҚС қолданылмайды.

«ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылдан бастап кемінде бір-екі жыл бойы бағаның өсуіне себеп болмайды», – деп түсіндірді вице-министр.

Әмриннің сөзінше, салық тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін құрылысы басталатын пәтерлерге қатысты болады. Ал тұрғын үй бағасының өсуін 2027–2028 жылдары күтуге болады.