БАҚ: Грузия билігі наразыларды тарату үшін химиялық қару қолданған болуы мүмкін

Ulysmedia
Фото: Getty Images

BBC медиакорпорациясының зерттеуіне сәйкес, Грузияда үкіметке қарсы наразылықтарды басу үшін камит пайдаланылған болуы мүмкін. Грузия билігі қауіпті зат қолданылғанын жоққа шығарып, журналистерді сотқа беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Грузияда үкіметке қарсы толқуларды басу барысында күштік құрылым органдары бірінші дүниежүзілік соғыс дәуіріндегі улы жауынгерлік затты қолданған болуы мүмкін. BBC медиакорпорациясы жүргізген зерттеуінде бұл заттың су шашатын арнайы техникалар арқылы наразыларға бағытталғаны айтылады.

Зерттеу авторларының мәліметінше, сөз бромбензилцианид, яғни камит деп аталатын зат жөнінде. Оны Франция армиясы бірінші дүниежүзілік соғыста батыс майданында неміс әскеріне қарсы қолданған. 1930-жылдары камит адам денсаулығына ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін деген күдікпен қолданыстан алынып, оның орнына көзден жас ағызатын газ тәрізді қауіпсіздеу құралдар енгізілген.

BBC тілшілері сөйлескен адамдардың бірі — педиатр Константин Чахунашвили. Ол Тбилисидегі парламент ғимараты алдында өткен алғашқы күндердегі шерулерге қатысқан. Дәрігердің айтуынша, су атқыштардың ағынына түскеннен кейін терісі бірнеше күн бойы «жанып тұрғандай» күйде болып, «бет жуған сайын жағдайы одан сайын ауырлай түскен».

Чахунашвили әлеуметтік желілерде сауалнама жүргізіп, жүзден аса адамның бір айға жуық бас ауруы, әлсіздік, жөтел, тыныс тарылуы мен құсу сияқты симптомдарға шағымданғанын анықтаған. Ол адамдардың 69-ын жеке тексеріп, жүрек ырғағында ауытқулар барын байқаған. Бұл зерттеу сарапшылардың пікірімен мақұлданып, халықаралық Toxicology Reports журналында жариялауға қабылданған.

Билік айыптауларды жоққа шығарып, журналистерді сотқа бермек

Журналистер, дәрігерлер және құқық қорғаушылар биліктен су атқыштарда нақты қандай зат қолданылғанын ашық жариялауды талап еткен, өйткені бұл ақпарат зардап шеккендерді емдеу үшін де маңызды. Алайда ішкі істер министрлігі мұндай мәлімет беруден бас тартқан.

Бұрын Грузия ІІМ-нің арнайы мақсаттағы бөлімшелерін қаруландыруға жауапты болған Лаша Шергелашвили BBC-ге берген сұхбатында 2024 жылдың қараша–желтоқсан айларында наразыларды таратуда қолданылған зат дәстүрлі арнайы құралдарға қарағанда «шамамен он есе күшті» болуы мүмкін екенін растаған.

1 желтоқсанда Грузияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі BBC зерттеуіне байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Ал билеуші «Грузин арманы» партиясы корпорацияны расталмаған ақпарат таратты деп айыптап, халықаралық соттарға жүгінетінін ескертті.