Тағы бір ел ресейлік мұнайдан бас тартып, Қазақстанды таңдады

Сырым Қаржас
pixabay.com

Қытайдан кейін Түркия да Ресей мұнайын сатып алуды азайтып, оның орнына Қазақстан мұнайын импорттауда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресей мұнайы шектеуде

Reuters агенттігінің мәліметінше, қараша айында Түркия ресейлік Urals маркалы мұнай импортының көлемін күрт азайтып, оның орнын Қазақстан мен Ирак мұнайымен толтыра бастады. Бұған ресейлік ірі мұнай компаниялары — «Роснефть» пен «Лукойлға» салынған санкциялар себеп болған.

Өткен айда Түркияға жеткізілетін Urals көлемі қазанмен салыстырғанда тәулігіне шамамен 100 мың баррельге азайған. Яғни, импорт үштен бір бөлікке қысқарған.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Түркия Еуропаның орнын басып, ресейлік мұнайдың негізгі тұтынушыларының біріне айналған болатын. Алайда санкциялардың күшеюі Анкарадағы мұнай өңдеу зауыттарына да әсер ете бастады. Оның үстіне, 2026 жылдың қаңтарынан бастап ЕО ресейлік шикізаттан жасалған мұнай өнімдерін қабылдауға тыйым енгізбек.

Қазақстан үшін мүмкіндік

Түркия үшін Қазақстан мұнайы — Ресей мұнайына балама. Химиялық құрамы ұқсас болғандықтан, оны ешқандай қиындықсыз алмастыруға болады. Сол себепті Анкара қазақстандық шикізатқа сұранысты арттырып отыр.

- Urals жеткізілімі азайған сәтте Түркия шикізат импортының басқа түрлерін көбейтті. Соның ішінде Қазақстанда өндірілетін CPC Blend және KEBCO маркалы мұнай бар, – деп жазды Reuters.

CPC Blend мұнайы Қара теңіздегі Ресей порты – «Озерейка» арқылы экспортталады, бірақ санкцияға ілінбейді. Статистикаға сүйенсек, қараша айында Түркия бұл марканы тәулігіне 105 мың баррельден сатып алып, 2024 жылдың ақпанынан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен.

Баламалы жеткізілімнің тағы бір көзі – Ирак. Бірақ оның экспорт мүмкіндігі шектеулі. Жерорта теңізі нарығында ресейлік мұнайға тең келетін балама шикізат аз. Сондықтан бұл жағдай Қазақстан үшін өз үлесін ұлғайтуға таптырмас мүмкіндік болып отыр.