Ұлдана Мырзуан құрметіне аудитория ашылады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Астанадағы медициналық колледжде 21 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан құрметіне арнайы аудитория ашу жоспарланып отыр. Ол үстіне кондиционердің сыртқы блогы құлап, қаза тапқан болатын. Бұл туралы Мәжілістің кулуарында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Министрдің айтуынша, алдын ала деректер орнату кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмағанын көрсетеді. Қазір тергеу қандай лауазымды тұлғалар мен ұйымдар бұзушылыққа жол бергенін анықтап жатыр.

Сонымен қатар, жедел жәрдем станциясының ұжымы, колледж басшылығы және министрлік бірлесе отырып, фельдшердің есімін еске алу шараларын әзірлеуде.

— Біз оның оқыған колледжінде құрметіне аудитория ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл барлық медициналық қызметкерлер үшін ауыр трагедия. Сондай-ақ, басына ескерткіш орнатуды да ойластырып жатырмыз, — деді Ақмарал Әлназарова.

Еске салайық, 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылында ғимараттың кірпіш фасадының бөлігі кондиционермен бірге құлап, бес адам зардап шеккен еді. Солардың ішінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болған. Ол көмек көрсету үшін келгенде екінші қабаттан кондиционер құлаған.