Венгрияның мұнай-газ алыбы MOL Group ресейлік «Лукойлдың» шетелдегі активтерін сатып алуға ниетті компаниялардың қатарына қосылды. Тізімде Қазақстандағы нысандар да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Reuters агенттігі үш дереккөзге сүйеніп хабарлағандай, MOL Group АҚШ Қаржы министрлігіне «Лукойлдың» шетелдегі жобаларын сатып алу мүмкіндігі жөнінде ресми сұрау жолдаған. Венгрияның ең ірі мұнай компаниясы Еуропадағы «Лукойл» зауыттарына, Әзербайжандағы жобаларға және ең маңыздысы – Қазақстандағы ірі кен орындарындағы үлестерге қызығушылық танытуда.
Бұған Қарашығанақтағы (13,5%) және Теңіздегі (5%) үлестер меңзеліп отыр деген болжам бар. Алайда сарапшылар әзірге ресейлік компания бұл акцияларды сатуға нақты дайын екеніне сенімді емес. Сондай-ақ MOL Group-тің бұл активтерге ресми түрде қызығушылық білдіргені туралы расталған мәлімет жоқ. Reuters дереккөздерінің бірі Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қараша айында Дональд Трамппен кездесу барысында «Лукойл» активтерін сатып алу жоспарын талқылағанын айтады.
КОНТЕКСТ
«Лукойлдың» шетелдегі активтеріне сұраныс артып келеді. Қызығушылық танытқандардың қатарында Chevron мен Exxon Mobil ғана емес, Carlyle инвестициялық компаниясы, арабтық IHC конгломераты және порноресурстар желісінің бұрынғы иесі Бернд Бергмайр да бар.