Оңтүстік Африка жағалауында африкалық пингвиндер жаппай қырылып жатыр. Ғалымдардың айтуынша, оған басты себеп – қоректің күрт азаюы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оңтүстік Африканың Орман шаруашылығы, балық шаруашылығы және қоршаған орта министрлігі мен Эксетер университеті жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2004-2011 жылдары шамамен 62 мың африкалық пингвин аштан өлген. Әсіресе, Дассен және Роббен аралдарындағы екі ірі ұя салу колониясында азайған. Ғалымдар дерегінше, осы сегіз жыл ішінде 2004 жылы сол жерлерде ұя құрған құстардың 95%-ы қырылып қалған.
СЕБЕПТЕРІ
Мамандардың айтуынша, африкалық пингвиндер жыл сайын қауырсынын жаңартатын түлеу кезеңінен өтеді. Бұл уақытта олар судан шығып, құрлықта болуға мәжбүр, сондықтан жем іздей алмайды. Түлеу шамамен 21 күнге созылады, сондықтан оған дейін құстар жеткілікті май қорын жинап үлгеруі керек.
– Бұл құстар эволюция барысында тез салмақ қосып, кейін түлеу кезінде сол энергияны жұмсап өмір сүруге бейімделген. Егер түлеу алдындағы немесе кейінгі уақытта қорек жетіспесе, организм мұндай жүктемеге шыдамайды, – дейді Эксетер университетінің профессоры Ричард Шерли.
КЛИМАТТЫҚ ФАКТОР
Зерттеушілер пингвиндер арасындағы азық дағдарысын олардың негізгі қорегі саналатын сардиналар санының күрт төмендеуімен байланыстырады. 2004 жылдан бері (үш жылды қоспағанда) Оңтүстік Африканың батыс жағалауындағы Sardinops sagax сардиналарының биомассасы ең жоғары деңгейдің небәрі 25%-ына дейін түсіп кеткен.
Ғалымдар мұны су температурасы мен тұздығының өзгеруімен түсіндіреді. Бұл өзгерістер балықтың уылдырық шашуына кері әсер етеді.
Зерттеушілердің ескертуінше, қоректің одан әрі азаюы — саны онсыз да күрт азайып бара жатқан африкалық пингвиндер үшін өте үлкен қауіп.