Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын. Бұл туралы АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог Рональд Рейган атындағы Ұлттық қорғаныс форумында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, қақтығысты реттеу процесі мәреге таяп қалған және келіссөздердің ең қиын кезеңіне жеткен. Келлогтың айтуынша, Еуропадағы ең ірі нысан саналатын, қазіргі уақытта Ресейдің бақылауындағы Запорожье АЭС-і тағдыры мен территориялық мәселе – келісімге келуге кедергі болып отырған басты түйткіл.
– Егер біз осы екі мәселені шешсек, қалғанын реттеу әлдеқайда жеңілірек болады деп ойлаймын. Біз мақсатымызға жетуге жақын қалдық, – деді Келлог.
Қаңтар айында қызметінен кететін Келлог соғыстағы адам шығынының көп екеніне ерекше назар аударды. Ол бұл көрсеткішті өңірлік деңгейдегі қақтығыс үшін бұрын-соңды болмаған деп сипаттады.
Оның айтуынша, соғыс басталғалы Ресей мен Украина тарапынан қаза тапқандар мен жараланғандар саны 2 миллион адамнан асқан. Дегенмен екі тарап та ресми түрде расталған деректерді жариялаған жоқ.