Таразда өз қатарласын өлтірген кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұзақылық ниетпен адам өлтірді (ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы) деп айыпталған кәмелетке толмаған сотталушыға қатысты қылмыстық істі қарады.
2025 жылғы қыркүйекте сотталушы мен жәбірленуші арасында электронды темекі үшін жанжал шыққан. Жанжал кезінде сотталушы марқұмның кеудесінің сол жағына бір рет пышақпен соққы жасап, қылмыс орнынан қашып кеткен. Салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қаза тапты.
Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, куәлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденген.
ТАРАПТАРДЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Прокурор кәмелетке толмаған сотталушыға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тарап (анасы) айыпталушыны кешірмей, соттан заң шеңберінде жаза тағайындауды өтінді.
Ал сотталушының өзі кінәсін толық мойындады.
СОТ ҮКІМІ
Сотталушы ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот материалдық шығын өтемі ретінде сотталушының заңды өкілінен 8 млн теңге өндірді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.