Шетелдегі ресейліктердің қаржысы бұғатталады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының шетелдік мемлекеттердің араласуын тергеу жөніндегі комиссиясы шетелде тұратын, Ресейде қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтарға қатысты шектеулер енгізуді көздейтін заң жобалары пакетін әзірледі. Бұл туралы ақпарат 11 желтоқсан күні комиссияның Telegram-арнасында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЙ АЗАМАТТАРҒА ҚАТЫСТЫ

Жаңа шаралар қылмыстық баптар бойынша кінәлі деп танылған немесе Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің алты құрамына байланысты жауапқа тартылған ресейліктерге қатысты қолданылмақ. Олардың қатарында:

  • Әділет министрлігінің «шетел агенттері» туралы заң бұзушылықтарды жою жөніндегі талаптарын орындамағандар;
  • «Шетел агентінің» қызмет тәртібін бұзғандар;
  • Ресей Федерациясының аумақтық тұтастығын бұзуға шақырғандар;
  • Ресейге қарсы санкциялар енгізуге үндегендер;
  • Ресей Қарулы Күштерін «беделін түсіргендер»;
  • «Желсіз» деп танылған ұйымдардың жұмысына қатысқандар бар.

ҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛМЕК

Депутаттар мұндай азаматтарға жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелуге тыйым салуды, жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарын «тоқтата тұруды» (яғни оны сатуға шектеу қоюды), жүргізуші куәлігінің күшін тоқтатуды ұсынды. Сонымен қатар, көлік құралдарын тіркеуге, несие келісімшартын жасауға және мемлекеттік әрі муниципалдық қызметтерді онлайн алуға тыйым салу қарастырылған.

Бұдан бөлек, лицензиялар тоқтатылып, Ресейдегі қашықтан банк қызметін пайдалануға шектеу қойылады. Мұндай азаматтардың қаржысы бұғатталады, олардың атынан сенімхат арқылы мәміле жасау мүмкін болмайды. Кейбір консулдық қызметтер де көрсетілмейді. Бұл туралы комиссия төрағасы Василий Пискарев мәлімдеді.

ҚАЛАЙ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Шектеулер Ресей Федерациясының Бас прокуроры немесе оның орынбасарының шешімімен енгізіледі. Сонымен қатар, Бас прокуратура «Уақытша шектеу шаралары қолданылатын тұлғалардың тізімі» атты ашық реестр жүргізеді. Бұл тізім интернетте жарияланады.