Мәсімовтің үйінен табылған заттар қаншаға сатылды

Сырым Қаржас
Inform.kz

Карим Мәсімовтің зәулім үйінен алынған бірқатар зат, оның ішінде қару-жарақ электронды сауда-саттықта сатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АУКЦИОН ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі зәулім үйден алынған бірнеше зат электронды аукцион арқылы сатылды. Бұл Электронды сауда алаңының деректерінен белгілі болды. Сауда-саттық 11 желтоқсанда өтті.

Аукцион аясында тоғыз мүлік бірлігін қамтыған үш лот сатылды.

ЕҢ ҚЫМБАТ ЛОТ

Аукционға қатысушылардың ең үлкен қызығушылығын «Айбалта» балталары тудырды. Бұл лот үшін жеті қатысушы таласты. Бастапқы бағасы 38 мың теңге болған балталар 378 мың теңгеге сатылды. Қолда бар мәліметке сәйкес, бұл заттар сыйлық ретінде берілген болуы мүмкін, балталардың бірінде сыйға тартқан адамдардың есімдері мен естелік күні қашалып жазылған.

ТАҒЫ НЕ САТЫЛДЫ

Қару-жарақтан бөлек, аукционда жеті сувенирлік монета сатылды. Олардың жалпы сомасы – 446 мың теңге.

Сатылған барлық зат Кәрім Мәсімовке тиесілі зәулім үйдің мүлік тізіміне енген және белгіленген тәртіппен сатылымға шығарылған.