KazTAG ақпарат агенттігінің басшылығына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында Freedom Finance компаниясының барлық салымшысы тергеуге шақырылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл туралы адвокат Ерлан Мәкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, қорғау тарапы 2020 жылдан бастап бүгінге дейінгі Freedom Finance компаниясының барлық клиенті мен инвесторының толық тізімін ұсыну туралы өтінішхат жолдаған. Сондай-ақ компаниямен бұрын жұмыс істеген немесе қазіргі уақытта жұмысын жалғастырып отырған барлық тұлғаны тергеуге шақыру туралы талап қойылған. Қорғау тарапы олар тергеуге келмеген жағдайда Алматының полициясына мәжбүрлеп жеткізуді талап етіп отыр.
– Менің қорғауымдағы азаматқа және Әсет Матаевқа шын мәнінде бар бірнеше мемлекеттің жиынтық бюджетінен бірнеше есе асып түсетін көлемде залал келтірді деп айып тағылып отыр. Бұл – орасан зор, астрономиялық сома. Егер Турлов мырза шынымен де сондай данышпан миллиардер әрі табысты кәсіпкер болса, жарияланымдар басталған сәттен бастап үш жарым айдың ішінде мұндай қаржылық шығынға қалай жол берді? Егер мұндай сомалар расымен болса және полиция бұл арызды ҚПК-нің 24, 121 және 122-баптарына сүйене отырып еш кедергісіз қабылдаса, біз барлық мән-жайды жан-жақты анықтауға міндеттіміз. «Фридом» тобының толық қаржылық есебін қарап, әрбір салымшыны тергеп, әр салымшы, әрбір контрагент пен Freedom Finance арасындағы барлық операцияны тексеріп, барлық қаржылық ағынды толық бағалау қажет. Сонда ғана “бұл шынымен болған жағдай ма?” деген сұраққа нақты жауап табуға болады, – деді адвокат.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін KazTAG бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов Freedom Finance компаниясының арызы бойынша күдікті деп танылғаны хабарланған. Компанияның шағымына агенттіктің жариялаған материалдары себеп болған. Онда өздерін жәбірленуші деп атаған адамдардың мәлімдемелері келтірілген.
9 желтоқсанда Әсет Матаев Алматы полиция департаментіне шақырылды. Оның адвокатының айтуынша, журналист өзінің күдікті екенін тек тергеуге шақырылған күні ғана білген, ал іс бірнеше ай бойы тергеліп келген. Қылмыстық іс жалған ақпарат тарату бабы бойынша қозғалған.
Қорғау тарапы агенттік материалдарында шындыққа жанаспайтын деректер жоқ екенін және жарияланған контент нақты фактілер мен тараптардың пікірлеріне негізделгенін алға тартып отыр. Ал Freedom Finance компаниясы бұған дейін БАҚ-тағы материалдар бұрмаланған әрі негізсіз деп санайтынын мәлімдеген.
Ал ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ведомство қылмыстық іске араласа алмайтынын айтқан.