Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына жасалған шабуылдардан кейін Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне төнген қатерге назар аударып, уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутаттың мәліметінше, 2025 жылдың қараша айының соңында Новороссийск маңындағы КҚК терминалына теңіз дрондары арқылы жасалған шабуыл салдарынан сыртқы айлақ құрылғысы (ВПУ-2) істен шыққан. Ал ал екінші сыртқы айлақ құрылғысы (ВПУ-3) жоспарлы жөндеуде болғандықтан, терминал тек бір ғана құрылғы – бірінші сыртқы айлақ құрылғысы (ВПУ-1) арқылы жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл мұнай тасымалдау көлемінің айтарлықтай қысқаруына алып келген.
Айдос Сарым КҚК арқылы жыл сайын шамамен 30 млрд доллар көлемінде экспорттық түсім түсетінін, оның үштен бірі Ұлттық қорға бағытталып, елдегі салық түсімдерінің шамамен 20 пайызын құрайтынын атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, терминалдың ұзақ уақыт толыққанды жұмыс істемеуі ай сайын 500 млн долларға дейін шығын әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, депутат әлеуметтік желілерде кейбір азаматтардың КҚК секілді стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды ашық түрде қолдап, ақтап отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер сөз бостандығы шеңберінен шығып, ұлттық мүддеге тікелей зиян келтіреді.
Осыған байланысты Айдос Сарым мемлекеттік органдардан стратегиялық инфрақұрылымға соққы жасауға жария түрде үндеген азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беруді, қажет болған жағдайда оларды терроризмді насихаттау немесе мемлекеттік опасыздық баптары бойынша саралауды сұрады. Сондай-ақ халық арасында мұнай құбырлары мен өзге де маңызды инфрақұрылым нысандарына қатысты арандатушы ақпарат таратудың жол берілмейтіні жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды.