Астанада 3,5 жастағы Зере Есентайдың қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Айыпталушы анестезиологтың адвокаты Сағынғали Елеуов судьяға қарсылық білдіру туралы өтінішхат түсірді. Осыған байланысты сот кеңесу бөлмесіне кетті.
КОНТЕКСТ
Іс материалдарына сәйкес, анестезиолог-дәрігер Аида Жұмағалиева 2024 жылғы 30 қазанда «қызметтік міндеттерін бұзып, қарсы көрсетілімдерді ескермей, кәмелетке толмаған пациентті жалпы седациямен ұзақ уақытқа созылған емге жіберген, соның салдарынан баланың өліміне жол берген».
Қайтыс болған қыздың әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, анасы баланы Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасына тістерін емдету үшін апарған. Емдеу севоран препараты арқылы анестезиямен жүргізілген. Бастапқыда 9–11 тісті емдеу жоспарланған. Алайда седация басталғаннан кейін ата-аналарды операция бөлмесіне шақырып, қосымша тістерді емдеу қажет екенін хабарлаған.
Нәтижесінде дәрігер 20 тістің 18-ін емдеу туралы шешім қабылдаған. Бұл операция уақытының айтарлықтай ұзаруына әкеліп, процедура 3,5 сағаттан аса уақытқа созылған. Емдеу құны 500 мың теңге болған.
Айыпталушының адвокаты БАҚ өкілдеріне оның қорғауындағы тұлға өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.