32 жастағы Айзат Жұманованың қазасы: марқұмның күйеуінен жауап алынды

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia.kz коллажы

Талдықорғанда күйеуі «ұрып өлтірген» 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына байланысты сот процесінде марқұмның күйеуінен жауап алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Айзат Жұманованың қазасына байланысты сот процесінде марқұмның күйеуі, сотталушы Айбар Жанболаттан жауап алынды. Оқиға болған күні марқұмды ұрғанын жоққа шығармады. Бірақ ол бір-екі рет ғана шапалақпен ұрдым деді. Бірақ жәбірленушінің бас сүйегі мен қабырғасының неден сынғанын білмейтінін айтты. Ол баспалдақтан құлағанда сынған болуы мүмкін деп топшылады. 

Ол істеген ісіне өкінетінін айтып, марқұмның ата-анасынан кешірім сұрады.

- Бұл оқыс жағдай түсінбестіктен және өзімнің санасыздығымнан болды. Мен асыл жарымды жақсы көрдім. Оны қасақана өлтіретін ойым да, ниетім де болған жоқ. 22-не қараған түн өзім үшін өте қайғылы болды. Бұл жағдай 15-20 күн бұрын түсінбестік болған. Мамыр айының аяғына таман. Ауылда байланыс нашар ұстайды. Ас ішіп отырған кезде телефон терезенің алдында тұрды. Біреу хабарласса, жазса сол жерден көреміз. Сондай күндері марқұм әйеліме хат келді. Тамақ ішіп отыр едік, сыртқа шығып, телефонмен сөйлесіп жүрген. Басында күдік болмады, – дейді марқұмның күйеуі. 

Күндердің бір күнінде Айзат сыртта тағы телефонмен сөйлесіп тұрған. 

- “Телефоныңды берші, кіммен сөйлесесің, кім саған жазады?” деп телефонын көргім келді. Жарым “маған сенбейсің бе?” деді. Сенбеймін, көрейін дедім. Екеуіміз де бір біріміздің телефонымызды сындырып тастадық. Екеуіміз біраз уақыт телефонсыз жүрдік. 7-10 күннен кейін әйелім жұмысшының телефонына өзінің симкасын салып, сонымен байланыста болды. 21 күні таңғы уақытта мен тауға кеткенмін, сағат бестерде үйге келсем марқұм әйелім телефонмен сөйлесіп тұр екен. Ашуланып, тағы кіммен сөйлесіп жүргенін сұрап едім, жауап бермей үйге кіріп кетті. Шай-тамағын дайындап жүрді. Маған ашуланып жүрді. Мен де шаршап келгенмін, ашуланып, алдымда тұрған тамағымды төгіп тастадым, – дейді күдікті. 

Осы сәтте екеуі түсінісе алмай, күдікті марқұм әйелін 2-3 рет шапалақпен ұрып жіберген. 

- Ашуланып, сыртқа шығып, мотоциклмен көрші ауылға кеттім. Дүкенге кіріп, 10-15 сыра алдым. Ауылға келер тұста 2-3-кін іштім. Артынша танысыммен де іштім. Сосын үйге келіп, татуласпақ болдым, қараңғы батып кеткен. Келсем кішкентай балам ұйықтап жатыр, әйеліммен бірінші қабатқа түсіп, сырадан іштік. Бір кезде қасымда жоқ, біраз тостым, қызым жылаған соң екінші қабатқа көтерілдім. Әйелім үйде жоқ екен. Оны іздеп ас үйге бардым, жоқ. Сол жақтан келе жатыр едім көріп қалдым, сол жақ шетте жантайып жатыр екен. Тұрмайсың ба деп едім басым ауырып тұр деді. Біраз қасында отырдым, - дейді марқұмның күйеуі. 

Артынша күдікті баласын тексеріп, екінші қабатқа көтеріліп, қайтып шыққан. 

- Әйелім қашаның жанында тұр екен. Үйге кірмей, қарсыласып, сөз қайтарып, тұрып алды. Жерде отырған соң екі қолынан ұстап, көтеріп тұрғызбақ болдым. Қарсыласқан соң ол жерде де 1-2 рет шапалақпен ұрдым. Екі қолтығынан демеп, үйге қарай келе жатыр едім, кірмей қойды. Үйге кіргенде баспалдақтан құлатып алдым. Есік темір болған, соны ашайын дегенімде сол жерде тағы бір құлатып алдым. Баламды тексеріп едім, ұйықтап жатыр екен. Ары қарай сырамды ішіп, теледидар көріп отырдым. Бір кезде әйелім қасыма отырып, басым қатты ауырып тұр деді. Өңі бозарып кеткен.”Басым, басым” деп жантайып жатты. Жағдайы өте нашар екенін көріп, ауруханаға апармақ болып, көршіме айттым. Содан көрші ауылға келдік, жол нашар, 2-3 шақырым жетпей, дөңгелегім жарылды. 20 минуттан кейін жеттік. Марқұм жарымды алып, бардым. Жабық екен, 15-20 уақыт жоғалтып алдым. Сосын Талдықорғанға қарай бет алдым. Ауруханаға кіргізіп, қолымнан келгенін жасадым, бірақ аманатымнан айырылып қалдым. Жазадан қашпаймын, – дейді күдікті. 

Ол тағылған айыпты мойындамады. Бұған дейін сотта жауап беруге дайын емес екенін айтқан.

КОНТЕКСТ

32 жастағы Жетісу облысының тұрғыны Айзат Жұманованы күйеуі ұрып өлтіргені жөнінде биыл маусымда белгілі болған. Сол уақытта марқұмды күйеуі атқа сүйреп өлтірді деген ақпарат тараған. Оқиға Баласаз ауылында болған.

Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қозғалған. Кейіннен жәбірленуші тараптың шағымынан кейін іс 99-баптың 1-бөлігіне қайта сараланған. Бірақ адвокат Арман Шәріпов іс 99-баптың 2-бөлігімен саралануы тиіс деп есептейді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін 5 желтоқсанда Айзат Жұманованың өліміне байланысты негізгі сот талқылауы болды. Сот процесінде куәлерден жауап алынды. Сотталушы Айбар Жанболат өзіне тағылған айыпты мойындамады.