«Жақсы адамдарым» жобасы: халық қаһармандары марапатталды

Сырым Қаржас
Суреттер: Jibek joly

Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында «Жақсы адам — 2025» арнайы сыйлығын табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Дәстүрлі марапатты Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешеніне кіретін Jibek Joly телеарнасы ұйымдастырды. Биыл жоба төртінші рет өткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Жақсы адам» арнайы сыйлығы жыл сайын адал еңбегімен, бейжай қарамай жасаған ісімен және белсенді азаматтық ұстанымымен көзге түскен жандарға табысталады. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында биыл ел дамуына үнсіз, бірақ елеулі еңбегімен үлес қосып жүрген жеті азамат марапатталды. Лауреаттарға диплом, мүсінше және 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Талғат Мүсірәт – ерлік жасаған азамат

2025 жылғы 7 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылында тұрғын үйде өрт шыққан сәтте, шаруа қожалығының басшысы Талғат Мүсірәт өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқарған. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін Талғат көршісінің терезесі арқылы түтінге тұншығып жатқан үйге кіріп, қарт әйел мен төрт баланы қауіпсіз жерге шығарған. Өрт 30 шаршы метр аумақта болған, ал оның шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы. Ол – қауіпті жағдайға қарамастан өз өмірін екінші планға қойып, өзге адамдарға көмек қолын созған азаматтық жауапкершілік пен ерлік үлгісін көрсеткен кейіпкер.

Петр Иванович Лупенков – метеоролог

Петр Иванович Лупенков – Каспий теңізіндегі қашықтағы Кулалы аралында орналасқан гидрометеорологиялық станцияның бастығы. Ол экстремалды климат жағдайында өз ісіне 30 жылдан астам уақытын арнаған, аты аңызға айналған адам. Осы аралықта оның бастан өткерген сынақтары да аз емес. 90-жылдары станцияны сақтап қалу үшін ғимаратты отынға бөлшектеп әкетуден қорғаған кездер, сондай-ақ жалғыз қорек өздері аулаған балық пен жабайы аң-құс болған жылдар да болған. Петр Ивановичтің өмір тарихы – табандылық, жанкештілік және өз ісіне адалдықтың үлгісі.

Гүлзада Әбдіғалиева - фельдшер

Әбдіғалиева Гүлзада Макиетқызы – өз ісіне адал, жоғары жауапкершілікпен қызмет ететін білікті фельдшер. Ол жедел жәрдем саласындағы еңбек жолын Мақат аудандық орталық ауруханасынан бастап, бүгінгі күнге дейін 40 жыл бойы халық денсаулығын қорғауға аянбай еңбек етіп келеді. Кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, кез келген жағдайда тез әрі дұрыс шешім қабылдай білетін маман ретінде танылған. Ұқыптылығы, тиянақтылығы және адамгершілік қасиеттері арқылы әріптестері арасында зор құрметке ие. Мақат ауданы тұрғындарына күндіз-түні сапалы медициналық көмек көрсетіп, көптеген адам өмірін сақтап қалды. Гүлзада Макиетқызының еңбегі – жанқиярлық пен мейірімділіктің, адам өміріне деген шынайы қамқорлықтың жарқын үлгісі.

Бауыржан Жақыпов - Бірлік ауылының тұрғыны

Павлодар облысының Баянауыл ауданында жергілікті тұрғындар мұз қатып қалған Тұлусор көлінде ажал аузында қалған аққулар жұбын құтқарып қалды. Ауа райының күрт суытуынан аналық аққу мұзға қатып қалып, ал аталық аққу оны тастамай қасында қалып бірге тоңған. Бұл оқиғаны алғаш байқаған Бірлік ауылының тұрғыны Бауыржан Жақыпов әкесімен бірге екі құсты да мұз құрсауынан абайлап босатып, қауіпсіз жерге алып шыққан. Кейін оларды жылы қораға орналастырып, азықтандырып, күтім жасаған. Аққулардың бірі сәл үсік шалғанымен, қазіргі таңда жағдайлары жақсарып келеді. Алдағы уақытта олар ветеринарлар бақылауынан өтіп, көктемде қайта табиғатқа жіберіледі. Бауыржан Жақыповтың жанашырлығы мен адамгершілігі көпшіліктің жүрегін елжіретіп, әлеуметтік желіде үлкен қолдау мен алғысқа ие болды. Бұл оқиға – табиғатқа деген қамқорлық пен адалдықтың жарқын үлгісі.

Бектай Сүлейменов – Қызылорда облысының тұрғыны, өмірінің алпыс жылын орман шаруашылығына арнаған зейнеткер‑бағбан

Қызылордадағы 86 жастағы қарт бағбан өмірінің алпыс жылын орман шаруашылығына арнапты. Ол 2 млн‑нан астам ағаш егумен айналысып, зейнетке шыққан соң да 8 гектар жерді жасыл баққа айналдырған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы және «Таза Қазақстан» жобасы, 2027 жылға дейін елдегі орман алқабына 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш егу туралы тапсырмасы аясында ерекше еңбегін атап, құрмет көрсетуге әбден лайық.

Ақсақал биыл ТРК түсірген «Бағбан» деректі фильмінің кейіпкері болды.

Мағзұмова Гүлмира Әуезханқызы – «Ұрық медицинасы» бағдарламасының жетекшісі, жоғары білікті акушер-гинеколог

Гүлмира Әуезханқызы ұрықтың гемолитикалық ауруын емдеуге бағытталған жатырішілік қан құю операцияларын жүргізетін еліміздегі бірегей маман. Сонымен қатар хорион биопсиясы, плацента биопсиясы, кордоцентез сияқты инвазивті пренаталдық диагностика әдістерін жетік меңгерген.

2008 жылдан бері пренаталдық инвазиялық процедураларды тұрақты жүргізіп келеді, ал 2013 жылы Қазақстандағы «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында» (ННЦМиД) ұрыққа внутрисосудистік қан құю әдісін практикаға енгізген. Гүлмира Әуезханқызы – ана мен бала денсаулығын қорғау саласында маңызды үлес қосқан, ана-бала қанының изосерологиялық сәйкессіздігі бойынша клиникалық хаттаманың авторларының бірі. Оның еңбегінің ерекшелігі – күрделі ұрық патологияларын ерте анықтап, жоғары дәлдікпен емдеу, сондай-ақ елімізде сирек қолданылатын жоғары технологиялық инвазивті операцияларды енгізуі мен дамытуы. Ол акушерлік және гинекологиялық көмектің барлық түрін – қалыпты босандыруды, кесарь тілігін, шұғыл және жоспарлы медициналық көмекті кәсіби деңгейде орындайды.

Тимур Хасенов – белсенді

Алматылық Тимур Хасеновты жұрт «Алма-Арасанның қорғаншысы» деп атайды. Себебі ол бірнеше жыл бойы демалыс сайын тауға барып, өзенде шыныға жүріп, жолай кездескен қоқыстарды жинайды.

Уақыт өте келе оның бастамасына басқа да белсенділер қосылған. Олар Алма-Арасан мен өзге де тау локацияларын аптасына бір рет тазалауды дәстүрге айналдырған. Тимурдың табиғатқа жанашырлығы мен таза орта қалыптастыруға қосқан еңбегі көпшілікке үлгі болды.