Алматы жұртшылығы актер Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia.kz

Алматы жұртшылығы актер Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Ulusmedia.

Қаралы жиын

23 желтоқсанда Алматының Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында актер, халық әртісі Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, жазушылар, актердың әріптестері, шәкірттері мен қала тұрғындары қатысты.

«Халық театрға сыймай кетті. Бұл нені көрсетеді? Бұл Асанәліге деген, алып тұлғаға деген махаббатың жүрекке сыймай кеткенін көрсетіп отыр. Ағамыз ғажайып бейнелер сомдады көзінің тірісінде. Әсіресе Бекежан, Шадияров сияқты батырлардың бейнесін сомдады. Жатқан жері жарық болғай, топырағы торқа болғай ағамыздың», – деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай Ulysmedia тілшісіне.

«Қызық Жібек» фильмінде Қыз Жібектің рөлін сомдап, мұқым қазаққа танылған актриса, халық әртісі Меруерт Өтекешова да Асанәлі Әшімовтің қазасын күңірене қабыл алғанын айтты.

«Театрға жүз жыл болса да Асанәлі аға бәрібір алда тұрады. Асанәлі ағамыздың жатқан жері жайлы болсын. Асанәлі аға мен өнер жолымды бастағанда мен үшін ұстаз ретінде болды. Ол кезде атақты актер болған. Қанша киноға түсті, қанша рөлдер ойнады театрда. Мен мектептен келіп, енді бастағанда үлкен ұстаз болды», – деді Меруерт Өтекешова.

Қаралы жиында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және тағы да басқалары сөз сөйлеп, көңіл айтты. Жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хаты оқылды. 

Асанәлі Әшімовтің өмір жолы

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.

Ол көрерменге кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров («Атаманның ақыры», 1971), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Трансібір экспресі») және өзге де рөлдерімен таныс. 

Асанәлі Әшімов режиссер ретінде де (Н.Гогольдің «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И. Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» және тағы басқа) кеңінен танылған.

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» - Керім рөлін, «Еңлік-Кебегінде» - Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландысында» - Айшуақты, «Таңғы жаңғырығында» - Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» - Қодарды және өзге де ірі кейіпкерлерді сомдаған.

Желтоқсан жаңғырығы

Асанәлі Әшімовтің қайтыс болғаны туралы хабар 21 желтоқсанда тараған. Әлеуметтік желіде актердың қазасына қабырғасы қайысқан жұрттың қарасы көп болды. Оның кино мен театрда сомдаған рөлдері мен қазақ мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегін айтқандармен қатар, оның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан қазақ жастарын сынаған ашық хатқа қол қайғанын айтқандар да болды.

Сол уақытта мемлекеттік газеттерде «Нам горько» деген атпен жарияланған ашық хатта Желтоқсанда алаңға шыққан жастарды «маскүнем», «нашақор» деп жазылған. Асанәлі Әшімовтің өзі кейіннен атын хатқа сыртынан жазып жібергенін, өзі қол қоймағанын айтып ақталған.