Ақтауда полицей 1,5 жасар баланы қағып кетті

Анар Лепесова
фото: ашық дереккөзден

Ақтауда бір жарым жастағы баланы көлік қағып кетті. Қайғылы оқиға 13 мамыр күні облыс орталығының 27-шағынауданында болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Маңғыстау облысының полиция департаменті қызметтік көліктің тізгінінде құқық қорғау органының қызметкері болғанын растады. Ол 27-шағынаудандағы тұрғын үйдің алдындағы жолда бір жарым жастағы ұл баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан бала есін жимастан көз жұмған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (“Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысының полиция департаменті қаза тапқан баланың туыстары мен жақындарына шын көңілден көңіл айтады, – деп хабарлады полиция.

Ведомство бұл оқиғаны басшылық ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.

АСТАНАДАҒЫ ОҚИҒА

Айта кетейік, 3 мамыр күні  Астанада Иманов көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында 1 жас 8 айлық сәбиді көлік басып кеткен. Полицияның мәліметінше, Kia Seltos көлігінің жүргізушісі аула ішіндегі жолмен келе жатқан. Сол сәтте бала жолға жүгіріп шыққан. Көлік оны басып кеткен. Сәбиді құтқару мүмкін болмады.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.