Адвокат Әлібек Секеров өз қорғауындағы Бақытжан Байжановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына Қуандық Бишімбаев ісіне байланысты қоғамдағы резонанс пен қысым кедергі келтіріп отырғанын айтты. Бұл туралы ол Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Ең ауыр жаза
Адвокаттың айтуынша, Қазақстанда аса ауыр қылмысты жасыру бабымен сотталғандарға әдетте бұдан жеңілірек жаза тағайындалады.
– Сот тәжірибесінде Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша көбіне шартты жаза, екі не ең көбі үш жыл беріледі. Бірақ бұл істе қоғамдық резонанс әсер етті. Соның салдарынан Байжанов төрт жылға сотталып, ең ауыр жаза алды, – деді Секеров.
Кедергі көп
Оның сөзінше, Байжанов жаза мерзімін жеңілдетуге өтініш берер сәт сайын түрлі кедергілерге тап болады.
– Жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдету туралы өтініш беру уақыты жақындаған сайын міндетті түрде қандай да бір «тәртіп бұзушылық» анықталады. Бірде кітапты дұрыс емес жерде оқыды дейді, бірде басқа себеп табады. Сөйтіп тәртіптік жаза тағайындайды, кейін оны алып тастайды. Бірақ дәл өтініш беретін кезде сотталушы шартты түрдеу босатылу мүмкіндігінен айырылып қалады, – дейді адвокат.
Секеровтың айтуынша, қорғау тарапы кассациялық сатыға дейін барған. Алайда ол жақта да шешім Байжановтың пайдасына шықпаған.
Еске салайық, бұған дейін кассациялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырып, жазаны жеңілдетуден бас тартты.