675 дрон, 56 зымыран: Ресей Украинаға шабуылды қайта үдетті

Анар Лепесова
reuters

Бейсенбі күні Ресей Украина астанасы Киев пен бірнеше аймақты кең ауқымды әуе шабуылымен атқылады. Ресми мәлімет бойынша, кемінде бір адам қаза тауып, ондаған адам жараланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шабуылдардың үдеуі

Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ делдалдығымен жасалған қысқа мерзімді бітім аяқталғаннан кейін Мәскеу үшінші күн қатарынан шабуылдарды үдетті. 13 маусымда Ресей Украина аумағын жүздеген дронмен атқылап, салдарынан алты адам қаза тапқан еді. 

Ал 14 маусымға қараған түнгі соққылар түнгі соққы салдарынан бір адам қаза тауып, бірнеше ондаған адам жараланған. Премьер-министр Юлия Свириденко бұл шабуыл азаматтық инфрақұрылым мен тұрғын үйлерге бағытталғанын айтты.

Украинаның Төтенше жағдайлар қызметі жариялаған суреттерде құтқарушылар қираған көпқабатты үйдің үйінділерін аршып, тірі қалғандарды іздеп жатқаны көрінеді. Киев мэрі Виталий Кличко 11 адамның құтқарылғанын хабарлады.

Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға сапарлап барған уақытта жасалғанын айтып, Ресейдің соғысты жалғастырғысы келетінін білдіреді деді.

«Ешқандай иллюзия болмауы керек: Мәскеуді тоқтата алатын жалғыз нәрсе — қысым. АҚШ пен Қытай басшыларының Ресейге ықпал етіп, Путинді соғысты тоқтатуға көндіруге мүмкіндігі жеткілікті екеніне сенемін», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

675 дрон мен 56 зымыран

Украинаның вице-премьері Алексей Кулеба бейсенбіге қараған түні болған шабуыл Оңтүстік Одесса өңіріндегі теміржол инфрақұрылымы мен порттарға да бағытталғанын айтты.

Украина Әуе күштерінің мәліметінше, Ресей бұл соққыда 675 дрон мен 56 зымыран қолданған. Олардың басым бөлігі әуе қорғанысы арқылы атып түсірілген. Дегенмен 24 нысанда 38 соққы тіркелген.

Соғыс бесінші жылына аяқ басса да, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аяқталар емес. АҚШ қолдаған бейбіт келіссөздер нәтижесіз қалып, нақты ілгерілеу әлі байқалмай отыр.

Трамп пен Путиннің әңгімесі

Еске салайық, жуырда Трамп пен Путин телефон арқылы 1,5 сағат сөйлескен. Негізгі талқыланған мәселе  – Украинадағы соғыс. 

Путиннің сөзінше, ресейлік әскер Украина қарулы күштерін ығыстырып жатыр. Екі саясаткер де Киев еуропалық елдердің қолдауымен «қақтығысты созуға бағытталған саясат ұстанып отыр» деген пікір білдірген.

Соған қарамастан, Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған келісімге қол жеткізу жақын деп есептейді.

Путин өз кезегінде Ақ үй басшысына арнайы әскери операцияның мақсаты қалай болғанда да орындалатынын жеткізген.