Украина Польшада ұсталған ресейлік археологты экстрадициялауды сұрады

Сырым Қаржас
Фото: РФ Эрмитажы

Украина билігі Польша прокуратурасына ресейлік археолог, Санкт-Петербург Эрмитажы-дың ғылыми қызметкері Александр Бутягинді экстрадициялау туралы сұрау жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бутягин 11 желтоқсанда Польшада ұсталды. Ол Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде заңсыз археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді деген күдікке ілінген. Тексеру мен сұрақ-жауаптан кейін Польша соты оны 40 тәулікке уақытша қамауға алу туралы шешім қабылдады.

Экстрадицияға қатысты түпкілікті шешімді Польша соты шығарады, деп жазады DW. Бұған дейін прокуратура Украинаның сұрауы 1957 жылғы Еуропалық экстрадиция туралы конвенция талаптарына сәйкестігін тексеріп, өз ұстанымын қалыптастырып, сотқа ұсынуы тиіс.

АЙЫП

Украинада Бутягин мәдени мұра нысандарында заңсыз қазба жүргізіп, 200 млн гривеннен астам (4 млн еуродан көп) шығын келтірді деген күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Қырым аннексияланғаннан кейін Бутягин Эрмитаждың Мирмекий археологиялық экспедициясын басқара отырып, Керчь қаласындағы «Ежелгі Мирмекий қаласы» аумағында Украина билігінің рұқсат құжаттарынсыз қазба жұмыстарын жүргізген.