Украина мен АҚШ-тың бейбіт жоспары: 20 тармақтан тұратын келісімде не бар

Сырым Қаржас
Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский журналистерге арналған брифингте АҚШ-пен соңғы күндері өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша соғысты тоқтатуға бағытталған америкалық жоспардың мазмұнын егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

БАҚ-тың көпшілігі Зеленскийдің сөздеріне сүйене отырып, келісімнің 20 тармағын жариялады. BBC назар аударған негізгі тұстар мыналар:

  • Украина армиясының саны 800 мың адаммен шектеледі.

  • АҚШ, НАТО және Еуропалық одақ Украинаға Солтүстік Атлантика шартының 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін береді.

  • Ресей Украинаға шабуыл жасамау жөніндегі міндеттемені заңнамалық тұрғыда бекітуі тиіс.

  • Украина келісімде көрсетілген мерзімде Еуропалық одаққа мүше болады.

  • Украина ядролық қарудан азат мемлекет мәртебесін сақтайды.

  • Запорожье атом электр станциясы Украина, Ресей және АҚШ-тың бірлескен басқаруына беріледі. Алайда Зеленский Украина бұл нұсқаны қолдамайтынын, тек Украина мен АҚШ-тың ортақ басқаруына ғана келісетінін айтты.

  • Ресей мен Украина қоғамда, сондай-ақ білім беру жүйесінде мәдени төзімділік пен өзара түсіністікті насихаттауға міндеттеледі.

Ең күрделі мәселе — аумақтық түйткіл. Украина нақты ұрыс қимылдары жүріп жатқан шепте атысты тоқтатуды талап етеді. Ал Ресей Донецк облысынан украин әскерін толық шығару керек деп отыр. Ықтимал ымыра ретінде АҚШ Донецк облысында еркін экономикалық аймақ құруды ұсынған. Алайда Зеленскийдің айтуынша, Украина бұл ұсынысты тек референдум арқылы ғана қабылдай алады. Мұндай дауыс беруді ұйымдастыру үшін кемінде 60 күн және нақты атысты тоқтату қажет.

  • Днепропетровск, Сумы, Харьков және Николаев облыстары аумағынан Ресей өз әскерін толық шығаруы тиіс.

  • Келісімге қол қойылғаннан кейін Украина мүмкіндігінше қысқа мерзімде сайлау өткізеді.

  • Келісімнің орындалуын Дональд Трамп басқаратын Бейбітшілік кеңесі қадағалайды. Кеңес құрамына еуропалық елдер мен НАТО өкілдері де енеді.

  • Тараптар келісімге келген сәттен бастап толық атысты тоқтату бірден күшіне енеді.

КОНТЕКСТ

Қақтығысты реттеу жөніндегі кезекті кеңес 20–21 желтоқсан күндері АҚШ-та өтті. Алдымен украин және америкалық делегациялар кездесті. Кейін Майамиде Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың, Джаред Кушнердің және Ресей президентінің өкілі Кирилл Дмитриевтің қатысуымен бөлек байланыс өтті. Кремльдің мәліметінше, Дмитриев Мәскеуге оралған соң келіссөз нәтижелері туралы Владимир Путинге баяндама жасайды.