Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанға ескерткіш тақта орнатылды

Ulysmedia
фото: gov.kz

Астанада биыл қараша айында қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алып, кейін ауруханада қайтыс болған жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ескерткіш тақта Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына қойылды. Оның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы қатысты.

Тақтада Ұлдана Мырзуанның «қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқаны» жазылған. Сонымен қатар қара тасқа «Кәсіби борышына шексіз адалдығы мен ерлігі – мәңгілікке үлгі. Мәңгі жүрегімізде, мәңгі есімізде» деген сөздер қашалып түсірілген.

Марқұмның әріптестері ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Министр Ақмарал Әлназарова медицина саласында еңбек етіп жүрген 300 мың маманның және жеке өз атынан Ұлдананың жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ осы күні Ұлдана Мырзуанның аты берілген аудитория ашылатыны белгілі болды.

Министрдің айтуынша, Ұлдана Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған. Дәл осы колледжде марқұмның құрметіне арнайы аудитория ашылды.

Контекст

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен болатын. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасының құрамында фельдшер Ұлдана Мырзуан да болған. Қызмет барысында ауыр жараланған ол он күннен кейін, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.