Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Ерлі-зайыптылар ұлдарының сал ауруын (ДЦП) емдеуге қаражат жинау кезінде алаяқтық жасап, ақшаны заңдастырды деген айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Сот жарыссөзінде айыпталушы Толқын Тотақанова баласының ауыр жағдайын баяндады. Оның айтуынша, баласы жүре алмайды, еңбектемейді, сөйлемейді және толықтай ата-анасының күтіміне мұқтаж.
Толқын Тотақанова соңғы жылдары олардың өмірі операциялар, ұйқысыз түндер, үздіксіз оңалту шаралары мен клиникаларға барумен өткенін айтты. Қазақстандағы дәрігерлер көмектесе алмайтынын мәлімдегеннен кейін, олар емді шетелде Түркия, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжанда жалғастыруға мәжбүр болған.
Айыпталушы әлеуметтік желілерде баласының жағдайын ашық көрсеткенін, жиналған қаражаттың ерікті түрде берілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайды қолдан жасау мүмкін емес, себебі баланың денсаулығы расында да өте ауыр болған.
Сонымен қатар, Толқын Тотақанова өзінің ұзақ жылдар бойы қарызға батқанын айтты. Ол алған қаражаттың барлығы тек баласын емдеуге жұмсалғанын, алайда кейін пайыздар өсіп, қысым мен қорқытуға, тіпті өліммен қорқытуға дейін барғанын айтты. Оның сөзінше, бес жыл ішінде пайызбен ақша берушілер одан 700 миллион теңгеден астам қаражат алған.
Айыпталушы бұл адамдардың қайырымдылық жинақтарынан хабардар болғанын, тіпті банк карталарын тартып алып, шоттардан ақшаны өздері шешіп алғанын айтты. Сондай-ақ, адвокат жалдауға көмектесеміз деген желеумен 45 миллион теңгені алдап алғанын мәлімдеді. Толқын Тотақанова күйеуінің бұл мәселелерден бейхабар болғанын да атап өтті.
Сотта ол өзін сән-салтанатты өмір сүрді деген айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, олардың жалғыз ғана екі бөлмелі банк кепілінде тұрған пәтері бар, қымбат көліктері де, элиталық мүлкі де жоқ. Тергеу көрсеткен бірнеше пәтер мен көліктің бар екенін дәлелдейтін бірде-бір құжат сотқа ұсынылмағанын айтты.
Айыпталушы құжаттарда көрсетілген мүліктің барлығы несиеге алынғанын және кейін қайта сатылғанын, бұл күйеуінің қосымша табыс көзі болғанын жеткізді. Азартты ойындарға қатысты айыптауларды да негізсіз деп атады. Оның сөзінше, күйеуінің атына бірде-бір ойын аккаунты немесе транзакция тіркелмеген, ал өзі қатысқан бір реттік жағдай 2024 жылдың сәуірінде қатты қысым мен күйзеліс кезінде ғана болған.
Күнделікті шығындарға тоқталған Толқын Тотақанова баласына глютенсіз тағам қажет болғандықтан, арнайы сервистер арқылы тамаққа тапсырыс бергенін, сондай-ақ баласын күн сайын емдеу мекемелеріне апару үшін таксиді пайдалануға мәжбүр болғанын айтты.
Ал Дәулет Тотақанов өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарды. Ол сот барысында қайырымдылық жинауға қатыспағанын, шот ашпағанын, әлеуметтік желілерде қаражат жинауға қатысты ешқандай әрекет жасамағанын атап өтті.
Қорғау тарапының уәжі
Ерлі-зайыптылардың қорғаушысы Азамат Байкенов істің өрескел процессуалдық заңбұзушылықтармен қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алаяқтық ісі жәбірленушілердің арызынсыз тіркелген, ал бұл заңға қайшы. Адвокат баланың еміне нақты 160 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалғанын, ал айыптау актісінде бұл сома әдейі 6 миллион теңге деп көрсетілгенін айтты. Оның пікірінше, бұл қоғамда резонанс тудыру үшін жасалған.
Қорғаушы ерлі-зайыптыларды толық ақтауды сұрап, жиналған қаражаттың ұрланғаны немесе заңсыз жұмсалғаны дәлелденбегенін мәлімдеді.
Тағылған айып пен сұралған жаза
Ал мемлекеттік айыптаушы Толқын Тотақанованы 7 жылға бас бостандығынан айыруды, 10 жылға қайырымдылықпен айналысу құқығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді сұрады. Дәулет Тотақановқа да дәл осындай жаза тағайындауды және сот залында қамауға алуды сұрады.
Айыптау нұсқасына сәйкес, 2020–2024 жылдар аралығында ерлі-зайыптылар әлеуметтік желілер арқылы баласының ДЦП диагнозына байланысты еміне қаражат жинап, шамамен 1,5 миллиард теңге алған. Тергеу дерегінше, бұл қаражаттың едәуір бөлігі жеке қажеттіліктерге жұмсалған.