Қазақстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті деген күдікке қайта ілікті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстаннан Еуропаға жеткізілген фанераның шын мәнінде Ресей мен Беларусь аумағында өндірілгені анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Польша шекарашылары мен кеден-салық қызметі санкцияларды айналып өту схемасын ұйымдастырды деген күдікпен бес адамды ұстады. Олар Беларусь пен Ресейден фанера жеткізуге қатысты заңсыз тетік құрды деген күдікке ілініп отыр. Ұсталғандардың жасы 43 пен 64 аралығында, олардың төртеуі — Польша азаматтары, біреуі — Ресей азаматы.

ҚАЗАҚСТАН

Тергеу мәліметінше, күдіктілермен байланысы бар компаниялар фанераны Қазақстан арқылы Еуропаға импорттаған. Алайда өнімнің нақты шыққан елі Беларусь пен Ресей болып шыққан. Тергеу барысында санкцияларды айналып өтуге бағытталған схема әшкереленіп, күдіктілерге келісімшарттар мен импортталатын тауарлар туралы жалған ақпарат бергені, сондай-ақ нетарифтік шектеулерді бұзғаны үшін айып тағылды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, қосымша қамауға алу шаралары да жоққа шығарылмайды.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Ресейдің Қазақстан арқылы ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған микрочиптер алып отырғаны туралы ақпарат тараған еді. Санкцияларға қарамастан, Германияның кейбір компаниялары Астанадағы байланыстарын пайдалана отырып, Ресейге электроника жеткізуді жалғастырып отырғаны хабарланған.