Валдаядағы президент резиденциясына шабуыл жасау әрекеті туралы Мәскеудің мәлімдемесінен кейін көп ұзамай Кремль мен Ақ үй Владимир Путин мен Дональд Трамптың кезекті телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. АҚШ әкімшілігі әңгімені «оң» деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Трамп пен оның кеңесшілері Путинге Флоридада Владимир Зеленскиймен өткен соңғы келіссөздердің қорытындысын жеткізген. Бұған жауап ретінде Ресей президенті Киевтің Новгород облысындағы өзінің резиденциясына ұшқышсыз аппараттар арқылы шабуыл жасауға тырысқанын мәлімдеген. Мәскеу нұсқасы бойынша, бұл оқиға АҚШ пен Украина арасындағы кездесуден кейін бірден болған.
Ушаковтың сөзінше, Трамп бұл ақпаратты естіп қатты таңғалған және мұндай «есі ауысқан әрекеттерді» күтпегенін айтқан. Сондай-ақ Путин аталған жағдайды Киевтің мемлекеттік терроризм саясатына көшкені ретінде бағалап, осыған байланысты Ресей келіссөздердегі ұстанымын қайта қарастыратынын жеткізген.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 29 желтоқсанға қараған түні Украина Валдай бағытына 91 ұшқышсыз аппарат жіберді деп мәлімдеген. Оның айтуынша, барлық дрон атып түсірілген, зардап шеккендер мен қирандылар тіркелмеген. Сонымен қатар, Лавров Мәскеу ықтимал жауап соққысының нысаналары мен уақытын анықтап қойғанын айтты.
Алайда шабуылға қатысты ешқандай визуалды дәлел ұсынылмады. Новгород облысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жұмысы туралы ресми хабарламаларда атып түсірілген дрондар жөнінде айтылғанымен, президент резиденциясы туралы мәлімет келтірілмеген.
Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу АҚШ-пен келіссөздерден шығуға ниетті емес екенін, бірақ өз ұстанымын түзететінін атап өтті. Сондай-ақ ресейлік тарап бұл шабуыл Мәскеу мен Вашингтон арасындағы Украинадағы жағдайды реттеу бойынша белсенді байланыстар аясында жасалды деп мәлімдеді.
Киев бұл айыптауларды жоққа шығарды. Владимир Зеленский Мәскеудің мәлімдемелерін жалған деп атап, олардың Украинаға қарсы жаңа соққылар жасауға және бейбіт бастамаларды бұзуға сылтау болуы мүмкін екенін айтты.
ЗЕЛЕНСКИЙМЕН КЕЗДЕСУ
Бұған дейін Флоридада Владимир Зеленский Дональд Трамппен кездескен. Келіссөздер қорытындысы бойынша Трамп соғыстың аяқталуы жақындай түскенін мәлімдегенімен, Донбасс болашағына қатысты мәселе шешілмегенін мойындады. Ал Зеленский АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктері мәселесі толық пысықталғанын айтқанымен, нақты мәліметтерді жария етпеді. Кремль кездесудің нәтижелеріне ресми пікір білдірген жоқ.