Алматы даму орталығында жаңа жылдық корпоратив пен сыйлықтардың тоқтатылуына байланысты әлеуметтік желілерде қызу пікірталас өрбіді. Аталған орталықты бұрынғы мәжіліс депутаты әрі Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Руслан Берденов басқарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Талқылауға түрткі болған – Threads желісіндегі nenadojudgeme____ атты қолданушының жазбасы. Ол компанияда тек жаңа жылдық корпоратив қана емес, сонымен қатар бюджетке енгізілген қызметкерлерге арналған символикалық сыйлықтар да тоқтатылғанын айтады. Автордың сөзінше, ұжымға Жаңа жыл «мұсылман мерекесі емес» деп түсіндірілген.
- Жаңа жыл — Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мереке («Мерекелер туралы» заң). Біз — дін еңбек қатынастарынан бөлінген, зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз. Мәселе тәттіде де, отырыста да емес. Мәселе — екіжүзділік пен қос стандартта. Мына бір жағдайды елестетіп көріңізші: христиан дініндегі басшы Наурызды немесе Айтты «бұл менің жеке сеніміме сәйкес келмейді» деп атап өтуден бас тартса, қоғам қалай қабылдар еді? Міндетті түрде дау туар еді. Ал неге керісінше жағдай қалыпты құбылыс болып саналады? — деп жазды ол.
Автор өз жазбасында өзі де мұсылман екенін, дінге қарсы емес екенін, бірақ оның жұмыс ортасында мәжбүрлі түрде таңылуына қарсы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Алматы даму орталығы бюджет есебінен қаржыландырылатын квазимемлекеттік құрылым екенін, сондықтан оның бейтарап әрі зайырлы қалуы тиіс деп санайтынын жеткізді.
ҚАЗНЕТ РЕАКЦИЯСЫ
Жазбалар қоғамда кең талқыланды. Қолданушылардың бір бөлігі авторды қолдады. Мәселен, lamidiyakarr709 есімді қолданушы жалпыға ортақ мерекелер мен мәдени дәстүрлерден, соның ішінде Наурыздан бас тарту үрдісі қалыптасуы мүмкін екеніне алаңдайтынын жазды. Тағы бір қолданушы діндарлық пен Жаңа жылды атап өтудің бір-біріне қайшы келмейтінін жеке мысалмен түсіндірді. Кейбір пікірлерде корпоративтің тоқтатылуы басшылықтың жеке көзқарасын ұжымға таңу ретінде бағаланды.
- Менің күйеуім де намазхан, медреседе оқыған, ата-бабасы да терең діндар адамдар. Соған қарамастан, біздің үйде әрдайым шырша тұрады — біз Рождествоны емес, жай ғана жылдың аяқталуын атап өтеміз. Иә, үйімізде ит бар, балалар жыл сайын сыйлық алады, мен де аламын. Яғни, біреуі екіншісіне кедергі емес, — деп жазды julia.arslan.
Сонымен қатар, пікірталаста қарсы көзқарастар да көп болды. Бірқатар комментатор корпоратив пен сыйлықтар — компанияның ішкі шаруасы екенін, жұмыс берушінің мереке ұйымдастыруға міндетті еместігін атап өтті. Пайдаланушылар Жаңа жылды жеке немесе ұжым болып жұмыстан тыс жерде атап өтуге ешкім тыйым салмайтынын, ал компания шығындары — басшылықтың шешімі екенін жазды. Кейбіреулер мұндай шектеулер халықаралық компанияларда да кездесетінін, олардың идеологиямен емес, шығындарды оңтайландырумен байланысты екенін алға тартты.
БЕРДЕНОВТІҢ ЖАУАБЫ
Пікірталасқа Руслан Берденовтің өзі де қосылды. Ол өзі үшін Жаңа жыл ең алдымен отбасылық мереке екенін айтып, қызметкерлерге оны атап өтуге ешкім тыйым салмағанын атап өтті.
- Жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын. Бұл бойынша ақпарат тексеру үшін берілді. Қауіпсіздік қызметі бұл мәселемен айналысып жатыр, келтірген уәждеріңіз белгіленген тәртіппен түсіндірілетін болады, — деді ол.
КОНТЕКСТ
Руслан Берденов — мәжілістің бұрынғы депутаты әрі Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары. 2025 жылғы 21 сәуір кешінде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында оған оқ атылды. Шенеунік оқ жарақатын алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, операция шамамен төрт сағатқа созылды. Күдікті Ернар Жиембай шабуылдан кейін бірден ұсталды. Ол адам өлтіруге оқталу бабы бойынша айыпталып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.