Саясаттанушы Арсен Сәрсеков соңғы оқиғалар институционалдық теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Желтоқсан айының соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірінен соң бірі Ресей мен Өзбекстан басшыларымен байланыс орнатты. Алдымен Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өтті, кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.
Ресми хабарламаларға сәйкес, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылаған.
Арсен Сәрсековтің айтуынша, институционалдық тұрғыдан алғанда мұндай форматтағы коммуникация рұқсат етілген шеңберден шығады. Оның пікірінше, мемлекетаралық қатынастарды талқылау бірінші президенттің мәртебесі мен өкілеттігіне кірмейді.
Сарапшы мәселе байланыс фактісінің өзінде емес, көпшілікке мемлекетаралық деңгейдегі күн тәртібі ретінде ұсынылуында екенін атап өтті.
- Контекст бұл жағдайдың сезімталдығын күшейтеді. Осындай институционалдық қайшылық 2022 жылдың қаңтарында Назарбаевтың Санкт-Петербургте өткен ТМД саммитіне қатысуы кезінде де болған. Ол кезде оның қатысуы өкілеттіктерді бөлудің жаңа моделіне сәйкес келмейді деп қабылданып, қоғамда наразылық тудырды.
Бұл жерде әңгіме жеке тұлғалар немесе дипломатиялық ишаралар туралы емес, институционалдық рұқсаттың шекарасы жайында. Қазақстан біртұтас саяси жауапкершілік моделін қалыптастырып, бейресми ықпал орталықтарын жоюға ұмтылып отырған жағдайда, мұндай эпизодтар ниетке қарамастан осы логикаға қарсы жұмыс істейді. Сондықтан да мұндай белгілер алаңдаушылық туғызады: олар саясат үдерісіне емес, мемлекеттілік қағидатына қатысты, – дейді саясаттанушы.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 28 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен болатын. Ал 29 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлескен.
ТЫЙЫМ
Артынша Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мемлекеттік құпияны білетін экс-шенеуніктерге елден шығуға тыйым салу керегін айтқан болатын.