Астанадағы саябақтардың бірінде болған қылмыстың алдын алған азаматтар марапатталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Астана қаласының Полиция департаментінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаға шабуыл жасамақ болған күдіктіні ұстауға көмектескен азаматтар марапатталды.
Оқиға елордалық саябақтардың бірінде болған. Ер адам кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаға шабуыл жасамақшы болған сәтте ол көмек сұрап айқайлаған. Осы кезде отбасымен саябақта серуендеп жүрген ер адам дереу көмекке ұмтылған. Кейін оған тағы бір қала тұрғыны қосылып, екеуі бірлесіп шабуыл жасаған азаматты ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Болған жағдайға бейжай қарамай,табандылық танытқаны үшін Әнуар Мусин мен Павел Саськов қолсағаттармен марапатталды.
«Сіздердің әрекеттеріңіз – азаматтық жауапкершіліктің, батылдық пен жанашырлықтың лайықты үлгісі. Сіздердің батыл қадамдарыңыздың арқасында арты ауыр салдарға әкеп соғуы ықтимал қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туды. Азаматтық танытып, дер кезінде көмекке келген азаматтардың бұндай әрекеті құрметке әбден лайық деп есептеймін, – деді елордалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.