Қысқасы — дерлік барлық тауар мен қызмет түрі қымбаттайды. Бірақ бірдей емес, бірден емес және біржола да емес. Ulysmedia.kz 2026 жылдан бастап баға өзгерісіне қатысты белгілі жайттарды жинақтады.
Салық реформасы және жалпы баға өсімі
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі қазақстандықтар үшін оңай соқпайды. Ең басты салдар — қосымша құн салығының (ҚҚС) өсуі, ал бұл тұтыну тауарлары мен қызметтердің қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Салық кеңесшісі Екатерина Ким бағаның кемінде 10–15% өсуі ықтимал екенін айтады. Оның сөзінше, бизнес өкілдері бағаны Жаңа жылға дейін қайта қарай бастаған, алайда Салық кодексі толық күшіне енген соң «баға түзетуінің» екінші кезеңі болуы мүмкін.
Ал экономист Максим Барышев жеке инфляция — яғни әр отбасының нақты шығындары бойынша баға өсімі — одан да жоғары болуы мүмкін екенін ескертеді. Бағаның 15% өсуін өтеу үшін отбасылық табыс кемінде 17–20% артуы қажет.
Дәрі-дәрмек бағасы да өседі
Фармацевтика саласының өкілдері Қазақстанда дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді. Себеп — әртүрлі салық режимінде жұмыс істейтін компаниялар арасындағы операциялар бойынша шегерімдердің алынып тасталуы.
Бизнес бағалауы бойынша, өндірушілер шығынды өтеу және табыстылықты сақтау үшін бағаларды 7–9,5% көтеруге мәжбүр болуы мүмкін.
Көлік пен такси
2026 жылдың бірінші тоқсанынан кейін жанармай бағасының өсуі күтіледі. Соның салдарынан такси қызметтері де қымбаттайды. Нарық қатысушылары сыртқы күйзелістер болмаса, баға өсімі 8–12% деңгейінде болады деп болжайды.
Таксиді пайдаланбайтындар да шет қалмайды: автокөліктер, әсіресе импорттық машиналар, ҚҚС өсіміне байланысты шамамен 4% қымбаттауы мүмкін.
Жылжымайтын мүлік
2026 жылды күтпей-ақ, қазақстандықтар пәтер сатып алуға асыға бастады. Құрылыс материалдары мен жабдықтардың қымбаттауы тұрғын үй салу құнын арттырып, бұл шығын ақыр соңында сатып алушылардың мойнына жүктелмек.
Экономист Ғалым Құсайынов құрылыс компанияларының таза пайдасы шамамен үштен бірге қысқаруы мүмкін екенін айтады. Бұл өңірлерде жаңа тұрғын үй құрылысының баяулауына, ал екінші нарықта бағаның өсуіне әкелуі ықтимал.
Ал AERC сарапшылары бастапқы тұрғын үй нарығында 2026 жылы баға өсімі болады деп күтеді. Бұл бірден байқалмауы мүмкін, бірақ жыл бойы шағын ауытқулармен жоғарылау ықтимал. Баға динамикасы 2025 пен 2024 жылдар арасындағы айырмашылыққа (15,5%) шамалас болуы мүмкін.
Дегенмен кейбір сарапшылар тұрғын үй нарығындағы қазіргі ажиотаж жасанды деп санайды. Олардың болжамынша, 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында пәтер бағасы төмендей бастайды. Егер бұл сценарий расталса, маусым айына дейін бастапқы нарықта баға 15%-ға, ал екінші нарықта 20%-ға дейін арзандауы мүмкін.
Ипотека өзгерсе нарық та өзгереді
2026 жылы ипотекалық несие беру тетігі де қайта қаралады. 1 шілдеге дейін ең жоғары мөлшерлеме 25% деңгейінде сақталады. Алайда одан кейін ипотека шарттары өзгеріп, мөлшерлемелер бастапқы жарна көлеміне байланысты «құбылмалы» болмақ.
Бұл өзгеріс арзан сегменттегі бастапқы тұрғын үйге сұранысты арттырып, соның нәтижесінде бағаға қосымша қысым түсіруі мүмкін.