Америкалық Chevron компаниясы Қазақстанның экспорттық мұнайының негізгі көзі саналатын Теңіз кен орнын игеру жөніндегі тұрақтандырылған келісімшартты ұзарту мәселесі бойынша билікпен келіссөз бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Chevron үшін миллиардтар
The New York Times мәліметінше, мұнай алыбы мен Астана арасында келісімшартты ұзарту шарттары жөніндегі келіссөздер қазірдің өзінде жүріп жатыр.
— Chevron мен Қазақстан үкіметі 2033 жылы аяқталатын кен орнын игеру жөніндегі келісімшартты ұзарту бойынша әлеуетті түрде күрделі келіссөздер процесін бастады. Бұл келіссөздер Chevron үшін аса маңызды, өйткені компания Қазақстанмен ондаған жыл бойы қарым-қатынас қалыптастырған. 2025 жылы Chevron-ның Теңізден түсетін табысы шамамен 4 млрд доллар болуы мүмкін, — деп жазады NYT.
Қазақстан экономикасының тірегі
Қазақстан үшін де бұл келіссөздердің маңызы аз емес. Себебі Теңіз — елдегі ең ірі кен орындарының бірі. Дәл осы Теңіздегі өндірістің кеңеюі 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсуіне негізгі серпін берген.
— Бұл Қазақстан үшін өте маңызды. Оның «Теңізшевройлмен» қарым-қатынасы шын мәнінде символдық сипатқа ие, — деді Prism Strategic Intelligence консалтингтік компаниясының өкілі Кейт Мэллинсон.
Теңіздің маңызын асыра бағалау қиын, себебі кен орнында шамамен 25 млрд баррель мұнай қоры бар. Оның үстіне өндіру әлеуеті азайып жатқан жоқ, керісінше артып келеді. Теңізді кеңейту жобасы бастапқы жоспардан шамамен 11 млрд долларға қымбатқа түскенімен, бұл шығын өзін ақтады — бүгінде қазақстандық кен орны әлемдегі өндіріс көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. The New York Times қараша айының соңында украин дрондарының КҚК терминалына жасаған соққысынан кейін қазақстандық мұнай экспортының тоқтауы және Қазақстан мен ОПЕК+ арасындағы өндіру квотасының асып кетуіне байланысты келіспеушіліктер туралы да еске салады. Бұл мәселелердің барлығы Теңізбен тікелей байланысты.
Ұзарту тиімді ме?
Chevron компаниясы Теңізбен байланысын қысқартуға мүдделі емес екені анық. Өйткені 2024 жылы бұл кен орны компанияның жалпы өндірісінің шамамен 13 пайызын қамтамасыз еткен. Алайда сарапшылар Қазақстан үшін де америкалық компанияның елдегі ең ірі кен орнынан кетуі тиімсіз болуы мүмкін екенін айтады. Теңіз Қазақстан экономикасында аса маңызды рөл атқарады — ол елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. «Теңізшевройл» — еліміздегі ірі салық төлеушілердің бірі. Сондықтан келісімшарт шарттарын қайта қарау жөніндегі келіссөздер барынша сақтықпен және ықтимал тәуекелдерді ескере отырып жүргізілуі тиіс.
— Қазір Қазақстан экономикасының маңызды сегментінің өнімділігі таразыға тартылып отыр, — деп ескертеді S&P Global Commodity Insights компаниясының Еуразиялық энергетика бағытының жетекшісі Мэтью Сэйджерс.
NYT дереккөздерінің айтуынша, Chevron Теңізден кеткен жағдайда қазіргі таңда кен орнындағы өндірістің өнімділігі мен табыстылығына айтарлықтай ықпал етіп отырған білікті менеджерлер мен техникалық мамандарды алмастыру қиынға соғады.