Астанада мас күйінде көлік басқарды деген күдікпен ұсталған Әсел Досаеваға қатысты іс сотта қарала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Әсел Досаева бірнеше ай бұрын жол полициясының көзіне түскен. Патруль қызметкерлері оның Mazda 6 маркалы көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің қанынан алкоголь анықталып, жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткені белгілі болған.
Көлік айып тұрағына қойылғанымен, сол сәтте судьяға бірден жаза қолданылмаған. Себебі оған судьялық иммунитет жүрген. Кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы президенттің атына Әсел Досаеваны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолдаған.
Сот отырысы 31 желтоқсанға белгіленгенімен, қосымша материалдарды жинау қажеттілігіне байланысты кейінге шегерілген.
КОНТЕКСТ
Әсел Досаева шамамен бір жыл бұрын Маңғыстау облысынан Астана қаласына қоныс аударған. Бұған дейін ол аудандық сотта қызмет атқарған, ал елордаға ауысуы мансабындағы өсім ретінде бағаланған еді.
Алайда мас күйінде көлік жүргізу дерегіне байланысты бұл оқиға сот жүйесі өкілінің беделіне елеулі соққы болып отыр.