Саясаттанушы Арсен Сәрсеков қазақстандық шенеуніктер жариялаған кіріс декларацияларын «имитация» әрі «ақылға қонымсыз тікелей мазақ» деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Шенеуніктердің табысын салыстыра келе біраз айырмашылықтар анықталды. Сәрсековтің айтуынша, министрдің ең төменгі айлық жалақысы шамамен 1,5 млн теңге. Соған қарамастан, кейбір министрлер декларациясында көрсетілген кіріс бұл деңгейден де төмен болып шыққан. Ал жекелеген елшілер мен дипломаттар тіпті елдегі ең төменгі жалақыдан аз табыс көрсеткен. Бұдан бөлек, барлық ведомство бірдей дерек ашпаған: 21 мемлекеттік органның тек 5-еуі ғана табыс туралы мәлімет жариялаған.
– Мемлекет азаматтардан ашықтық талап етеді және өзі бірінші болып үлгі көрсетуге тиіс. Алайда іс жүзінде жоғары лауазымды тұлғалардың декларациялары барған сайын имитацияға, кейде тіпті ақылға сыймайтын мазаққа айналып барады. Сондықтан ең қарапайым қадамды жасау керек — салыстыру. Эмоцияны эмоциямен емес, санды санмен, – деді саясаттанушы.
Сәрсеков декларацияларда ерекше дау тудырған бірнеше тұсты атап өтті.
“КЕДЕЙ” МИНИСТРЛЕР
Саясаттанушының айтуынша, министрдің жылдық ең төменгі жалақысы 18 млн теңге. Бұл – қолданыстағы министрдің кірісі осы межеден төмен болса, мәселе саяси емес, математикалық деңгейде туындайтын шек.
– Дәл осы жерде алшақтық көрінеді. Декларацияларда осы ең төменгі көрсеткішке де жетпейтін сандар бар. Бұл жалпы табыс, сыйақы немесе үстемақы емес, лауазымды атқарғаны үшін кепілдендірілген жалақының өзі. Салыстыру өте қатал: мәртебе бар, ал цифр жоқ, – деп түйіндеді ол.
“КЕДЕЙ ЕЛШІЛЕР
Сәрсеков елшілер мен дипломаттардың валюталық жалақы, шетелдік үстемақылар мен өтемақылар алатынын еске салды. Соған қарамастан, кейбірі декларацияда жылына небәрі 800–900 мың теңге көрсеткен. Айлық есеппен бұл 70–75 мың теңге ғана.
– Формалды түрде табыс бар. Ал шын мәнінде ол ел ішіндегі ең төменгі жалақыдан да аз. Бұл ашықтыққа да, қисынға да сай келмейді, – дейді саясаттанушы.
ОТБАСЫЛЫҚ ТАБЫС
Бұл тұста Сәрсеков премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге қатысты мысалды келтіреді.
– Негізгі табыс шенеуніктің өзінде емес, жұбайында көрсетілген — бағалы қағаздардан түскен дивидендтер, яғни инвестициялық алыпсатарлық. Қағаз жүзінде — заңды. Ал атқарып отырған қызметімен салыстырғанда — мүдделер қақтығысы айқын. Экономикалық блоктың басшысы ойын ережесін қалыптастырып отырғанда, отбасы нарықтан пайда көрсе, мынадай тұрақты схема қалыптасады: шешімдер — мемлекеттік, табыстар — отбасылық, – деп жазды саясаттанушы.