Қазақстанда ірі қара етін шетелге шығаруға уақытша шектеу қойылды. Экспортқа қатысты жаңа тәртіптің қалай жұмыс істейтіні туралы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Негізгі мәліметтер
2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап сиыр етін үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға арналған квоталарды бөлу ережелері күшіне енді. Бұл талаптар 2026 жылғы 30 маусымға дейін қолданылады. Осы аралықта Қазақстаннан сыртқа шығарылатын еттің жалпы көлемі 20 мың тоннадан аспауы тиіс.
Квота қалай беріледі?
Экспорттық квота тек өзінде мал өсіріп, бордақылайтын алаңы бар ет өңдеу кәсіпорындарына беріледі. Яғни, малды сатып алып, қайта сату емес, өз өндірісі болуы керек.
Квота көлемі бордақылау алаңының қуатына байланысты:
5 мың басқа арналған алаңы бар кәсіпорын — 1 мың тоннаға дейін,
10 мың бас — 2 мың тоннаға дейін,
15 мың бас — 3 мың тоннаға дейін,
20 мың бас — 4 мың тоннаға дейін,
50 мың бас — 10 мың тоннаға дейін ет экспорттай алады.
Бұл не үшін жасалды?
Министрлік бұл шара толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдауға бағытталған деп түсіндірді. Сонымен қатар, сыртқы саудадағы ашықтықты арттыру көзделіп отыр.
Уақытша шектеулер ішкі нарықты қорғау және мал шаруашылығын дамыту үшін қажет. Негізгі мақсаттар — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, етті терең өңдеуді ынталандыру, сондай-ақ өнімнің қайдан шыққанын нақты бақылау.
Делдалдарға тосқауыл
Бұрын кейбір компаниялар мен шағын сою цехтары малды бордақыламай, тек сатып алып, қайта сатып пайда көрген. Бұл делдалдық схемалардың көбеюіне, нарықтағы тепе-теңдіктің бұзылуына және ішкі бағаның өсуіне әсер еткен.
Осыған байланысты квота жүйесі делдалдарды азайтып, нақты мал өсіріп, бордақылаумен айналысатын, технология енгізіп, жұмыс орындарын ашып отырған кәсіпорындарды қолдауға бағытталған.
Контекст
Бұған дейін Қазақстанда ет экспортын шектеуге қатысты квоталарды бөлу ережелері 31 желтоқсаннан бастап күшіне енгені хабарланған еді.