Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Астана мен Алматыдағы шенеуніктердің қаржысы мен активтерін жаппай БАӘ-ге әкетуі Қазақстандағы институттардың сапасы мен шешім қабылдау деңгейін айқын көрсететін белгі екенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Расул Рысмамбетов Facebook парақшасында 2025 жылдың жазында Дубайға барған сапары туралы жазды. Оның айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандық шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелері жиі кездескен.
— Бұл әмірліктегі қай қымбат мейрамханаға немесе сәнді қонақүйдің лоббиіне барсам да, қазақтарды көрдім. Әртүрлі: кәсіпкерлер, шенеуніктер, әкімдердің отбасылары. Бұрын, 10–15 жыл бұрын, бұл адамдарды (немесе олардың әкелерін) Швейцариядан не Лондоннан көретінмін. Қазір — БАӘ-де, — деп жазады ол мысқылмен.
Сарапшы “егер тапқан немесе жинаған қаржыны бәрібір басқа елде сақтайтын болса, онда оны Қазақстанда не үшін табу немесе «ұрлау» керек?” деп сұрақтоы төтесінен қойды. Сол қаражатты ел ішінде жобаларға, бизнеске, дамуға салуға болар еді. Бірақ оның орнына қазақстандық шенеуніктер мен ірі кәсіпкерлердің шетелдегі, шығу тегі түсініксіз активтері жиі әшкереленіп жатады.
— Меніңше, себептердің бірі осы. Қазақстандық шенеуніктер мен ірі бизнес өкілдерінің Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алуы — тұрмыстық шешім де, жай жайлылық үшін жасалған қадам да емес. Бұл институттардың сапасына деген көзқарасты көрсететін ұтымды әрекет. Мәселе елдің өзінде емес, ережелер жүйесіне деген сенімде, — деп жазады Рысмамбетов.
Оның айтуынша, жоғары лауазымды тұлғалардың ақпаратқа қолжетімділігі көбірек. Олар шешімдердің қалай қабылданатынын, «мемлекеттің ішкі логикасын» жақсы біледі. Сондықтан олардың мінез-құлқы — индикатор іспетті: егер байлар ақшасын Қазақстанда ұстамаса, демек олар бұл жүйенің тұрақтылығына сенбейді.
— Негізгі проблема салықта да, капиталдың құнында да, макроэкономикалық тәуекелдерде де емес. Мәселе — шешімдердің қайтымсыздығының жоқтығында. “Ағашка” жүйесінде кез келген рұқсат қайта қаралуы мүмкін, заң кейіннен «нақтылануы» мүмкін, келісімшарттың күші күмән тудыруы мүмкін, ал сот құқыққа қатысы жоқ сыртқы факторларды ескеруі ықтимал. Осындай жекелеген жағдайлардың өзі капитал үшін жеткілікті сигнал береді. Тіпті коррупциялық капитал үшін де, — дейді сарапшы.
ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ
Рысмамбетовтің пікірінше, Қазақстанда әлі де заң үстемдігі толық орнықпаған. Ал егер құқық «шартты ұғымға» айналса, бизнес ұзақмерзімді инвестициясының тағдырына сенімді бола алмайды. Мұндай жағдайда инвестициядан шығу — оған кіруден де қиын.
— Мемлекет инвесторды келісімшарттың тарапы емес, реттеу нысаны ретінде қарайды. Себебі реттеуші функция кепілдік беруші функциядан басым. Сондықтан ережелер өзгеріп тұрады, міндеттемелер жағдайға байланысты, ал құқықтық қорғаныс кепілдендірілген емес, ықтимал күйде қабылданады. Ал капитал ықтимал құқықтық жүйеде жұмыс істемейді. Сол себепті элитаның мінез-құлқы — саботаж емес, бейтарап көрсеткіш. Активтерді, ақшаны, әйелдерді, балаларды, тіпті көңілдестерді шетелге орналастыру — наразылық емес, тәуекелді басқару тәсілі, — деп түйіндейді ол.
Сарапшының айтуынша, элиталар осылайша белгісіздікті азайтады: өздері қалыптастырған жүйеге өздері сенбеген соң, оған терең интеграцияланбауды жөн көреді. Ал бұл мәселенің бір ғана шешімі бар — нақты, тұрақты әрі бұзылмайтын ережелер орнату, яғни заң үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан.