KAZ Minerals құрамындағы «Востокцветмет» шахтасында және «Қазцинк» зауытында болған екі ірі апатқа қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Востокцветмет» шахтасында болған апатқа тау-кен жұмыстарын жобалық құжаттама талаптарын бұзып жүргізу және жұмыс өндірісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы себеп болған. Салдарынан Артемьев шахтасының бір жұмысшысы қаза тапқан.
Ал Қазцинк зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан орын алды деген болжам бар.
“Бұған дейін осы объектілерде техникалық құжаттамаларға сай келмеу, техникалық құрылғылардың мерзімін ұзарту сараптамаларының болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ тозған жабдықты уақытылы ауыстырмау сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталған”, - деді министр.
Министрдің айтуынша, аталған нысандарда бұған дейін де өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталған.
Министрдің сөзінше, тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қабылданады.
Контекст
«Қазцинктегі» жарылыстан кейін Өскемен тұрғындары бірнеше апта бойы денсаулықтарына шағымданған. Өнеркәсіптік аймақта ағаш жапырақтарының сарғаюы байқалған. Ресми органдар қауіп жоқ екенін айтқанымен, тұрғындар әлсіздік, асқазан аурулары және тыныс жолдарының тітіркенуі туралы белгілерді айтқан. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы төрт адам зардап шеккен.