Ресейде жаңа көші-қон саясатын қалыптастыру жалғасып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, көші-қон саясатын жетілдіруге бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленіп, жақын уақытта қарауға енгізіледі.
— Көші-қон саясатын жетілдіруге арналған бірқатар заңнамалық бастамаларды енгізуге дайындап жатырмыз, — деп жазды ол өз мессенджерінде.
Володиннің сөзінше, Ресейге үш айдан астам мерзімге келген мигранттар үшін міндетті медициналық тексеруден өту уақыты 90 күннен 30 күнге дейін қысқартылуы мүмкін.
ДЕПОРТАЦИЯ
Сонымен қатар, медициналық ұйымдарды берілген қорытындылар туралы ақпаратты Ресейдің Ішкі істер министрлігіне, ал мигранттан жұқпалы ауру анықталған жағдайда — оны жедел депортациялау үшін Роспотребнадзор-ға жолдауға міндеттеу ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, шетел азаматтарының медициналық тексеруден өтуден жалтаруына әкімшілік жауапкершілік енгізу жоспарлануда. Мұндай құқықбұзушылық үшін айыппұл салынып, сот шешімімен елден шығару мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ айналадағы адамдарға қауіп төндіретін аурулардың жоқтығы туралы ресми құжаттарды қолдан жасағаны және оларды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту көзделген.
— Ұсынылып отырған шаралар мигранттарға бақылауды күшейтуге және еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған, — деп түйіндеді Вячеслав Володин.