Су тасқыны кезіндегі ақша жымқыру: "Самұрық" пен экс-министрдің ұлының қандай қатысы бар?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

2024 жылдың көктемінде Атырау облысында табиғи апат - су тасқыны болып, уақыт сағатпен емес, минутпен есептелді. Қауіп астында елді мекендер, кәсіпорындар мен стратегиялық инфрақұрылым нысандары қалды. Жер бөгеттері тендерсіз, бюрократиясыз, «үлгерсек болды» деген қағидамен салынды. Алайда дәл осы асығыстық ұрлық схемасына қолайлы жағдай жасап, соның салдарынан бірден төрт адам темір торға тоғытылды. Ulysmedia.kz бұл іске «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы — Karabatan Utility Solutions қатысы бар болып шыққанын анықтады.

Су тасқыны — қолайлы сәт

Әкімдік Karabatan Utility Solutions компаниясына «Алмалы» және «Қарабатан» учаскелерінде бөгеттерді шұғыл тұрғызуды тапсырған. Қаржы кәсіпорынның өз бюджетінен бөлінген: алдымен 200 млн теңге, кейін тағы 52 млн теңге қосылған. Жұмыстар расымен жүргізілген. Техника тәулік бойы тоқтамаған, КамАЗ-дармен топырақ тасылған, инженерлер рейстерді есептеген, геодезистер өлшеу жасаған. Алайда кейін нақты төселген үйінді көлемі мен құжатта көрсетілген сандардың арасында ондаған миллион теңгелік айырмашылық болғаны анықталды.

63 миллион қайда «жоғалды»?

Схемада басты рөлді басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Қалдыбаев атқарған. Айыптау нұсқасына сәйкес, ол қызметтік өкілетін пайдаланып, жалған орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюды ұйымдастырған. Құжаттарда төселген топырақ көлемі шын мәніндегі көлемнен айтарлықтай асырып көрсетілген.

— Бұл іске басқалардың да қатысы бар. Асхат Дүйсенғалиев делдал болған, қатысушылар арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, келісімдерді жеткізіп отырған. Мердігер компанияның директоры Саламат Жанғалиев көлемі асыра көрсетілген құжаттарға қол қойып, тек ішінара орындалған жұмыстар үшін төлем алған. Ал Тимур Бисембаев нысандағы жұмыстарға жауапты болып, нақты көлемдердің есептерде көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмейтінін білген, — делінген сот құжатында.

Сот сараптамасы нақты орындалған жұмыстардың көлемі төленген сомадан әлдеқайда аз екенін растады. Айырмашылық – 63,3 млн теңге. Сот бұл соманы ұрланған қаражат деп таныды.

Бұл жерде компания басшысының тұлғасы да назар аудартады. Су тасқыны мен бөгет салу кезеңінде «Karabatan Utility Solutions» ЖШС басқарма төрағасы болған — Игорь Ильин, яғни бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің ұлы. Ол компанияны 2023 жылдың соңында, тасқынға бірнеше ай қалғанда басқаруға келген және ТЖ кезеңінде негізгі басқарушылық шешімдерді формалды түрде қабылдаған. Соған қарамастан, қылмыстық істе Ильин тек куәгер ретінде ғана көрсетілген. Айта кетерлігі, 2024 жылдың желтоқсанында — қарсы тасқын жұмыстары аяқталып, тергеу басталғаннан кейін — Ильин қызметінен кетіп, басқа жұмысқа ауысқан.

Қысым, даулар және қол қоюдан бас тарту

Іс ішкі жанжалдан кейін әшкереленген. Капиталдық құрылыс департаментінің директоры актілерге қол қоюдан бас тартқан, себебі ондағы көрсетілген көлемдер шындыққа сәйкес келмеген. Бөгет екі рет қайта есептелген: алдымен геодезистер шамамен 18 мың текше метр топырақ барын анықтаған, кейін — шамамен 26 мың. Ал төлем құжаттарында 60 мың текше метрге жуық көлем көрсетілген.

Бұл айырмашылықтар техника рейстерінің табельдерімен, геодезиялық өлшеулермен, жұмыс чаттарындағы хат-хабарлармен, инженерлердің түсініктемелерімен және сот сараптамасының қорытындыларымен расталған. Куәгерлер актілерге мүмкіндігінше тез қол қою талап етілгенін, тіпті жұмыстан шығарамыз деген қоқан-лоққы болғанын да айтқан.

Барлығы су тасқынына байланысты асығыстықпен түсіндірілген: «су келе жатыр, формалдылыққа уақыт жоқ». Бірақ сот дәл осы асығыстықтың тасасында көлемі асыра көрсетілген құжаттар рәсімделіп, соның негізінде ұрлық жасалған деген қорытындыға келген.

Үкім

Атырау соты төрт айыпталушыны да ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бақытжан Қалдыбаев орташа қауіпсіздік колониясында сегіз жылға сотталып, өмір бойына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Асхат Дүйсенғалиев — жеті жыл алты айға сотталды. Саламат Жанғалиев пен Тимур Бисембаев жеті жылға бас бостандығынан айырылып, материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Ал «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ның 63 млн теңгені қайтару туралы азаматтық талабы сотта қараусыз қалдырылды. Айта кетейік, бұрынғы ТЖМ басшысының ұлы Игорь Ильин қазір басқа мәртебеде жұмыс істеп жүр: 2024 жылдың желтоқсанында ол «ҚазМұнайГаздың» еншілес құрылымы — KMG PetroChem компаниясын басқаруға келген.