Human Rights Watch Қазақстан билігін «Нағыз Атажұрт» белсенділерін босатуға үндеді

Ulysmedia
Скриншот

Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін қамауда отырған «Нағыз Атажұрт» еріктілер тобының белсенділерін босатуға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

14 қаңтарда жарияланған ұйым үндеуінде «Нағыз Атажұрт» еріктілер тобының мүшелері өз пікірін еркін білдіргені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылған. Бұл іс бойынша сот отырысы 21 қаңтарда Талдықорғанда өтпек.

Human Rights Watch ұйымының Азия бойынша директорының орынбасары Майя Ван Қазақстан билігі «Нағыз Атажұрт» белсенділеріне қарсы қозғалған қылмыстық істерді тоқтатып, оларды дереу босатуы тиіс екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытай билігінің қудалау саясатына жанама түрде қолдау көрсеткенше, Қазақстан үкіметі Шыңжаңдағы адамзатқа қарсы әрекеттерді тоқтатуға бағытталған халықаралық қысымға қосылғаны жөн.

Контекст

Еске салсақ, былтыр 13 қарашада Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылы маңында бір топ адам бейбіт акция өткізіп, Шыңжаңда түрлі сылтаумен ұсталып, «түзету лагерлеріне» қамалған этникалық қазақтарды босатуды және Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді тоқтатуды талап еткен. Акция кезінде олар Қытайға жүк көлігін айдап барып ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды да талап еткен.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай тарапы берген мәліметке сүйене отырып, Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан шықпағанын, ал қос азаматтықтың екі елдің заңнамасына да қайшы екенін хабарлаған. Ulysmedia Әлімнұр Тұрғанбайдың оқиғасы туралы  бірнеше рет жазған. 

Осы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары «Нағаыз Атажұрттың» шамамен 20 белсендісін ұстап, алдымен әкімшілік жауапкершілікке тартты, кейін олардың үстінен қылмыстық іс қозғады. Айыптау актісінде белсенділер «масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздықты қоздыру және Қытай ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде әрекет етті» деп көрсетілген. Мемлекеттік сараптама наразылыққа қатысты бейнематериалдардан «ұлтаралық алауыздық белгілерін» анықтаған.

Human Rights Watch бұл қудалаудың артында Қытай тарапының ықпалы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ұйым мәліметінше, соңғы айларда «Нағыз Атажұрт» белсенділеріне қысым күшейіп, олардың кейбірі әкімшілік қамауға алынса, енді біріне айыппұл салынған, сондай-ақ ресми органдар наразылық видеоларын таратпау жөнінде ескерту жасаған.

Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінің қылмыстық кодекстегі «ұлттық алауыздық қоздыру» туралы 174-бапты ұзақ уақыт бойы пікір айтқан азаматтарды қудалау құралы ретінде қолданып келе жатқанын да атап өтті. Халықаралық ұйымдар бұл норманы қайта қарауды бірнеше рет ұсынғанымен, іс жүзінде оның қолданылу тәжірибесі өзгермегенін айтады.

Human Rights Watch Қытай үкіметін Шыңжаңдағы адамзатқа қарсы қылмыстарды тоқтатуға және шетелдегі бейбіт сыншыларын қудалауды доғаруға шақырды. Сонымен қатар ұйым Қазақстан билігін өз азаматтарын сыртқы қысымнан қорғап, сөз бостандығын қамтамасыз етуге үндеді. Ресми Астана әзірге бұл үндеуге қатысты пікір білдірген жоқ.