Белсенді Мирболат Мырзатайұлы Тараз түрмесіне ауыстырылды

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлы Алматыдан Тараз түрмесіне ауыстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Адам құқықтарын қорғау бюросының жазуынша, Мирболат Мырзатайұлы апелляциялық соттың қаулысы шықпай жатып Тараздағы абақтыға ауыстырылған.

Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинованың хабарлауынша, 12 қаңтар күні түнде қоғам белсендісін Алматы түрмесінен әкетіп, Тараздағы №67 мекемеге орналастырған. Мирболат Мырзатайұлының қорғаушысы Жанар Балғабаеваның айтуынша, бұл заңсыз.

«Себебі, блогерге қатысты апелляциялық шағым әлі қаралмады. Заң бойынша, бірінші сатыдағы соттың үкімі шыққан соң сотталушының оған қалалық сотқа шағымдануға қақысы бар. Одан кейін үкім өзгеріссіз қалса, сотталушыны жазасын өтеу мекемесіне ауыстырады. Мирболат Мырзатайұлы мен оның қорғаушысы Алматы қалалық сотына шағым түсіріп, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасымен келіспейтінін білдірген. Процесс өткенше, Мырзатайұлы Алматыдағы мекемеде отыруы тиіс еді. Мирболат Мырзатайұлын не себепті Тараз түрмесіне әкетті деген сауал туындайды?», – деп жазды бюро.

Адам құқықтарын қорғау бюросының жазуынша, әлеуметтік желілерде «Мирболаттың сотына мың адам қатысамыз» деген науқан басталған. Бірақ бұның белсендіні Таразға ауыстыруға қатысы бар ма, жоқ па белгісіз.

Контекст

Мирболат Мырзатайұлы былтыр қыркүйек айында ұсталып, оған қоқыс жинайтын мекеме басшысынан мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған.  Алмалы аудандық соты оны төрт жылға түрме жазасына кескен.  Белсенді өзіне тағылған айыппен де, үкіммен де келіспеген. Ол апелляциялық шағым түсіретінін айтқан.